Атырау, 6 мамыр 02:52
 ашықВ Атырау +16
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

ҚТЖ: «Қазір Тальгоны іске қосу тиімсіз»

3 290 просмотра

ҚТЖ «Тальго» вагондарынан құралған 15 пойыздың жетеуінің жол қатынасын тоқтатты. Себебі ол бағыттағы жолаушылар ағыны азайған.

Естеріңізге сала кетсек, 2012-2017 жылдар аралығында «Жолаушылар тасымалы» АҚ республикалық бюджет қаражатына және өз қаражаты есебінен Patentes Talgo S.L. технологиясы бойынша дайындалған «Тұлпар» вагон жасау зауыты» ЖШС-нен 614 жолаушылар вагонын сатып алған. Негізгі келісімшарт бойынша «Тальго» вагондарының тағы 600-і жеткізілуі керек. Бірақ биыл наурыз айында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сауат МЫҢБАЕВ жобаны жабу туралы шешім қабылданды деп хабарлады.

- Келісімшарт экономикалық себепке байланысты жабылады. Біріншіден, «Тальго» вагондары стандартты вагондармен салыстырғанда отыратын орындар саны бойынша сыйымдылығы кемінде үш есе аз. Тиісінше, стандартты вагондармен салыстырғанда, шығыны шамамен 2,5 есе жоғары. Бұл жолаушылар тасымалы экономикасына әсер етеді. Сонымен қатар, «Тальго» пойызы біртұтас, вагондарды тек ғана депода ажыратып, қайта жалғауға болады. Бұл жұмыстар үш күнге созылады, ал ол жолаушылар ағынын игеруге қолайсыз, – деп атап өтті Мыңбаев.

Бұрын қолданыстағы жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесінде «Тальго» вагондарынан құралған 15 жұп пойыздың маршруты қарастырылған болатын: №1/2 Алматы - Ташкент, №11/12 Алматы - Шымкент, №3/4 Алматы - Нұр-Сұлтан Нұрлыжол, №25/26 Алматы - Шымкент, №31/32 Алматы - Павлодар, №67/68 Нұр-Сұлтан – Өскемен, №29/30 Алматы - Атырау, №51/52 Алматы - Орал, №69/70 Алматы - Өскемен, №71/72 Алматы - Түркістан, №19/20 Нұр-Сұлтан - Атырау, №95/96 Алматы - Орал, №701/702 Нұр-Сұлтан - Алматы-2, №705/706 Алматы - Петропавл, №712/711 Нұр-Сұлтан - Шымкент.

Алайда жазда ҚТЖ «Тальго» пойыздарын біртіндеп қысқарта бастады. Баспасөз қызметі елдегі қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға және коронавирус инфекциясының таралуына қатысты енгізілген карантиндік шараларға байланысты жолаушылар пойыздарында жолаушылар ағыны төмендеп, бос орындар көп қалып, айтарлықтай шығынға ұшырадық деп хабарлады. Қаржылық жағдайдың нашарлауына жол бермеу үшін компания ең аз сұранысқа ие «Тальго» пойыздарының қозғалысын уақытша тоқтата тұруға шешім қабылдады.

Бүгінде Қазақстан аумағы бойынша «Тальго» вагондарынан құралған 8 жұп пойыз, Алматы – Шымкент бағыты бойынша үш пойыз және Алматы - Нұр-Сұлтан, Алматы-Павлодар, Нұр-Сұлтан - Өскемен, Алматы - Петропавл, Нұр-Сұлтан – Шымкент бағыттары бойынша бір пойыздан жүреді. Алматыдан Оралға, Алматыдан Атырау, Өскемен, Түркістанға, сондай-ақ астанадан Атырау мен Алматыға екі бағытқа қатынау тоқтатылды. «Тальго» вагондарының Атыраудан және одан кері қайту маршруты шілде айында «Атырау облысында эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты» тоқтады.

Жолаушылар өздерінде таңдаудың жоқтығына наразы. Енді олар ұшақпен ұшуы керек, ал оны кейбір адамдардың денсаулығы көтермейді, мәселен, 7 айдан асқан жүкті әйелдер үшін өте қолайсыз. Жолаушылардың пікірінше, барлық ұйымдар мен кәсіпорындар коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін жұмыстанып жатқанда, ҚТЖ, керісінше, оның таралуына ықпал етіп, жолаушылары аз және жылдамдықпен ерекшеленетін «Тальго» пойыздарын алып тастауда. Ең бастысы, «Тальго» пойыздары кеңестік заманда өндірілген ескі вагондарға қарағанда іштегі ауаны баптаудың заманауи жүйесімен жабдықталған. Коронавирус инфекциясының алдын-алу аясында бұл факт ерекше рөл атқарады.

– Жақында Алматыдан Атырауға ескі вагонмен келуге тура келді. Айнала лас, қоқыс бактары уақытында тазаланбайды, вагондар желдетілмейді, санитайзерлер толтырылмаған. Вагонға кірген кезде санитайзердің түбінде азғана антисептик болды, ол да көп ұзамай бітіп қалды. Ал Атырауға жақындағанда жолсеріктер санитайзердің түбіне тағы да азғана антисептик құйып қойды, - деп шағымданады жолаушылар. Осы және басқа да мәселелерді «АЖ» ҚТЖ баспасөз қызметіне жолдады.

Бізге ҚТЖ жауабында айтылғандай, осы оқиға бойынша «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Батыс» аймақтық филиалында осыған қатысты қызметкерлерге қызметтік тергеу жүргізіліп, «Атырау - Алматы» бағытындағы №41 жолаушылар пойызының №13 вагонында кезекші жолсеріктің қызмет көрсеткені анықталды.

Қызметтік тергеу нәтижесінде №13 жолаушылар вагонының жолсерігіне қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза берілді. Талап бұзушылықтар үшін осындай бұйрықпен пойыз бастығына сөгіс түрінде тәртіптік жаза тағайындалды. Бұл мәселе «Батыс» жолаушылар тасымалының аймақтық филиалындағы пойыз бригадаларының қызметкерлерімен ҚР ИИДМ-нің 30.04.15 жылғы №545 бұйрығымен бекітілген жолаушыларды, жүктерді және жолжүгін тасымалдау ережелерін сақтау бойынша да қызметтік міндеттерін тиісінше орындау пысықталды.

Бас мемлекеттік санитар дәрігердің 22.05.2020 жылғы №37 «ҚР халқы арасында коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы» қаулысын орындау және COVID-19-дың алдын алу мақсатында «Жолаушылар тасымалы» АҚ жеке қорғаныс құралдарын (маска, қолғап, антисептик) сатып алды. Антисептиктердің қолда бар қоры 2021 жылғы қаңтар айының соңына дейін есептелген. 2021 жылы ЖҚС сатып алуға қаражат қарастырылған.

Басты мәселемізге келетін болсақ, баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Тальго» жүрдек пойыздарының қозғалысы елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақталып, тасымалдауға сұраныс артқаннан кейін жанданады деп жоспарланып отыр. Басқаша айтқанда, оларды қазір маршрутқа шығару тиімсіз. Ал қымбат вагондар тоқтап тұрғандықтан жолаушылар ескі вагондармен жүруге мәжбүр. Арзан әрі үйлесімді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

6 қараша 2020, 11:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.