Атырау, 6 мамыр 15:14
 ашықВ Атырау +14
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Жаңаталаптағы жаңа мектепті пандемия мен жайбасар мердігерлер кешіктірді

Сурет Бейнежазба
3 291 просмотра

4 қарашада қала маңындағы Жаңаталап ауылында жергілікті мектеп құрылысының созылып кеткеніне наразы болған тұрғындар жиналысы өтті.

3000-нан астам адам тұратын Жаңаталап ауылының өз мектебі жоқ. Ауыл балалары қала мектебіне немесе көрші Жамбыл ауылына барып оқуға мәжбүр. Өткен жылы билік ауыл тұрғындарына 300 орындық мектеп-интернат салып беруге уәде берген. Алайда жақында құрылыстың тоқтап тұрғаны белгілі болды.

Балаларымыз қала мектебінде оқиды. Кешкісін жанымызды шүберекке түйіп, балаларымыздың аман-есен келуін күтіп отырамыз. Олар үшін қорқамыз. Қалаға барып-келу де қиын. Шығыны да аз емес. Өткен жылы жаңа мектеп салынады деп уәде еткен еді, енді қашан салатыны белгісіз, - дейді Жаңаталап ауылдық округінің тұрғыны Салтанат МУРИДЕНОВА.

Білім ұясын салатын жер белгіленіп, аумағы қоршауға алынғанымен, құрылысы басталмаған. Нысанның төлқұжатында мектеп 2020 жылдың қыркүйегінде тапсырылады деп көрсетілген. Алайда ешқандай құрылыс жұмыстары байқалмайды. Жаңа мектепке бюджеттен бөлінген 2 миллиард теңгенің 5 пайызы ғана игерілген.

Мектеп құрылысына бөлінген ақша қайда кетті? Құрылысы қашан басталады? Әлі басталмаса, демек тағы бірнеше жыл күтуге тура келеді ғой, - дейді тұрғын Ануар ЖАМАНҚҰЛОВ.

Шенеуніктер мұны коронавирус пандемиясымен байланыстырып отыр. Облыс бюджетін үнемдеу үшін осылай әрекет етуге тура келді дейді. Бірақ, пандемияға дейінгі 8 айда неге іргетасы қаланбаған?

- Нысанның құрылысы 2019 жылы басталуы керек. Үлкен объекті болғаннан кейін мердігердің де кінәсі бар деп ойлаймыз. Құрылыс-монтаж жұмыстарын баяу жүргізген, - дейді Атырау облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы Нұрлыбек САҚПАРОВ-  Жыл аяғына дейін фундамент жұмыстары аяқталады. Құрылыс жұмысы келер жылдың ақпан, наурыз айларында басталалады деп жоспарлап отырмыз.

Қазір Атырау облысында пандемияның салдарынан тоқтап тұрған осындай онға жуық әлеуметтік нысан бар. Құрылыс басқармасындағылар оларды келер жылдың бюджетіне енгізіп, қаржыландырамыз деп сендірді.  

Жаңаталап ауылы тұрғындарының наразылығынан кейін облыс әкімдігінің баспасөз қызметі баспасөз хабарламасын таратты:

- Жаңаталап ауылындағы мектепті қаржыландыру мәселесі жыл соңына дейін шешіліп, құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуы 2021 жылдың басына жоспарланған. Мектеп-интернаттың құрылысы келесі жылы толығымен аяқталады және көрсетілген мерзім аяқталғанға дейін нысан пайдалануға беріледі.

Фархат ӘБІЛОВ 

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

6 қараша 2020, 10:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.