Атырау, 7 мамыр 05:01
 ашықВ Атырау +20
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

«Тойға рұқсат жоқ»: Атырауда мейрамханалар мен сауда орталықтары тексерілді

Сурет Бейнежазба
3 879 просмотра

31 қазанда Атырауда карантин режимінің бұзылуын анықтайтын мобильдік топпен бірге рейдке шыққан «АЖ» тілшісі сауда-ойын-сауық мекемелері мен мейрамханалардың санитариялық талаптарды қалай сақтап жатқанын бақылап қайтты.

«Тамаша» сауда ойын-сауық орталығында тексерушілер сатушылардың маскасыз қызмет көрсетіп жүргенін анықтады. Орталық әкімшілігі дезинфекция жасалғаны жөніндегі дәптерді көрсетіп, талаптардың барлығы толық сақталып жатқанын айтты. Маскасыз жүрген сатушыға ауызша ескерту жасалды.

Осыдан кейін «Ардагер» сауда ойын-сауық кешеніне келдік. Есік алдында күзетші келушілердің маскасын тексеріп тұрды. Жақында бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, жұмыс жасауға рұқсат берілген «Kinoplexx» кинотеатрына да бас сұқтық. Киносеанс бағасы 3000 теңге болғанына қарамастан, залда көрермендер көп. Адамдар «шахмат» әдісімен отырғызылып, кейбір орындықтарға «Отыруға болмайды» деген жазу ілінген.

Барлығын билетте көрсетілген орындары бойынша отырғызамыз. Кейде бір үйден бірнеше адам келіп, бірге отырғызуға өтініш жасайды. Рұқсат беруге тура келеді, - дейді өзін кинотеатр директоры деп таныстырған әйел.

Сіз олардың бір үйдің адамы екенін қайдан білесіз? - деп сұрады Атырау қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім бастығы Ернар АБУЛХАЙЫРОВ. 

Бұл сұраққа кинотеатр директоры, келушілердің сөзіне сенемін деді.

Кинотеатр директорымен әңгімелесіп тұрғанымызда, қасымызға сеансқа кешігіп  қалған үш көрермен жүгіріп келді. Күзетші оларды маскасыз кіргізген. Тексерушілер оларға ауызша ескерту жасады, ал директор оларға маска берді.

«Baizaar» сауда-ойын сауық орталығына кіру қиынға түсті. Журналисті көрген күзетші бұл жердің жеке аумақ екендігін, сол себепті фото-бейнежазба жүргізе алмайтынымызды айтып, жолымызды бөгеді. Оған мобильдік топпен бірге келгенімізді, журналисттің кәсіби қызметіне кедергі келтіргені үшін оның ҚР ҚК-нің 158-бабына байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескертуге тура келді. Әкімшілер біреуге ұзақ қоңырау шалып, содан кейін ғана бізді ішке кіргізді. Мобильді топ «Baizaar»-дан ешқандай заң талаптарын бұзушылық таппады.

«Фудзи» суши-барында тексерушілер сушист маскасыз және қолғапсыз ролл дайындап жатқанын байқады. Талап бұзушылық бейнежазбаға түсіріліп, әкімшілік іс қалалық СЭС-ке жіберілді. Енді мейрамханаға қомақты айыппұл салынады.

Көптеген мейрамхана иелері санитариялық талаптарды сақтамайтынын мойындамайды. Осы кезде бейнежазбаны көрсетеміз, - дейді Ержан Абулхайыров. – Біз біреудің бизнесіне кедергі келтірейін деп емес, коронавирус таралуының алдын-алып жүрміз. Бірақ мұны бәрі бірдей түсіне бермейді.

- Сіздерді мейрамханаға кіргізбей қойған жағдайлар болды ма?

Иә, көп мейрамхана кіргізбей, есіктерін жауып алады. Тобымызға ТЖД қызметкерлерін қосып, есіктерін бұзып кіру керек, - дейді Абулхайыров.

Өткен жұма күні мобильдік топ «Ақжол» мейрамхасында өтіп жатқан үйлену тойын тоқтатты. Рейд келесі «Мұрагер» базарына айыппұл салды. Ол жерде антисептиктер қойылмаған, сатушылар да, келушілер де маска тақпайды.

Мобильді топ өкілдерінің айтуынша, «Шағала» қонақ үйінің жанындағы караоке-бар талапты көп бұзады екен. Бірнеше рет айыппұл салғанына қарамастан, клиенттерді жасырын түрде қабылдап, тексеру келгенде, есік ашпайды.

«Sultan Hall» мейрамхасында тексерушілер мерейтой мен тойды өткізуге тыйым салды.

Біздің рейд түн ортасында 200-ге жуық адам «Хэллоуинді» тойлап жатқан «Бармаглот» барында аяқталды. Мекемеге айыппұл салынды.

Фархат Әбілов 

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

3 қараша 2020, 15:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.