Атырау, 28 наурыз 22:54
 бұлттыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Неліктен Атырауда баспана бағасы көтеріліп жатыр?

3 762 просмотра

Соңғы кездері Атырауда баспана бағасы айтарлықтай өсті. Бұның себебі неде, пандемияға байланысты халықтың сатып алу қабілеті төмендеп, логикалық тұрғыдан тұрғын үй бағасы төмендеуі керек емес пе?

Жылжымайтын мүлік нарығының маманы Руслан ЖАКБАЛИЕВТІҢ пікірінше, бұған тұрғын үй бағасын жасанды көтеру ықпал етіп отыр.

- Билік адамдарға тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алуға мүмкіндік береміз деп мәлімдегеннен кейін меншік иелері бағаны ақырындап көтере бастады, - дейді риэлтор.

- Ал қатаң карантин кезінде жаздағы бағалар қандай болды?

- Карантин кезінде баға көтерілген жоқ. Нарық тоқтап, сатылым болған жоқ. Адамдар пәтерді көру үшін үйден шыға алмады. Тіпті көпшілігі үй сату туралы жарнамасын уақытша алып тастады.

Р.Жакбалиевтің пікірінше, тұрғын үй бағасының өсуі екінші деңгейлі банктердің «Баспана Хит» ипотекалық бағдарламаларымен де байланысты болып отыр. Олар ипотекалық несие лимитін 25 миллионнан 30 миллион теңгеге дейін көбейткен.

- Бағаға әсер ететін тағы бір фактор - адамдардың көбі бұрын тұрғын үйді доллармен сатып алды. Мысалы, 2005 жылы доллар бағамы шамамен 120-130 теңге болды. Сол кезде баспана алғандар қазір өз бағасына сатуға тырысуда. Теңгені қазіргі доллар бағамына ауыстырады, сәйкесінше, нақты құннан үш-төрт есе жоғары баға қойылады, - дейді маман.

Басқа жергілікті риэлторлар бағалардың өсуіне ТШО, НСОС және АМӨЗ сияқты ірі компанияларда тұрғын үй қарызын беруі әсер етуде деп санайды.

- Біз баспана алуға қарыз беру басталған кезде үй бағасы көтерілетінін байқадық. Әдетте сатушылар мұндай клиенттерге бағаны түсірмейді. Қазір компаниялар қарыз беруді жалғастыруда, сондықтан баспана бағасы көтеріліп жатыр, - дейді олар.

Р.Жакбалиевтің пікірінше, баспана бағасы келесі жылы да көтеріледі. Оның болжамына сәйкес, маусым-шілде айларында ғана баға түсуі мүмкін.

- Меншік иелерінің өзі дүрлігеді. Адамдар ұсыныс көп, ал сұраныс аз екенін түсінген кезде бағаны төмендете бастайды. Олар қазір бәрінің зейнетақы шотында 10-15 миллион теңге бар деп ойлайды. Ал халықтың көпшілігінде қомақты зейнетақы жинайтындай кірісі жоқ.

Бұдан басқа, 2021 жылы Атырауда бірнеше жаңа тұрғын үй кешенінен пәтер беру жоспарланып отыр. Бұл екінші деңгейлі нарықтағы бағаның төмендеуіне әсер етуі керек. Ал тұрғын үйдің бірінші нарығына деген сұраныс өзгеріссіз қалады.

- Қазір Атыраудағы тұрғын үй нарығындағы бағалар қаншалықты қымбат?

- Бүгінде меншік иелері жасанды түрде бағаны 20 пайызға көтеріп отыр.

- Мысал келтіре аласыз ба?

- Мәселен, Сәтпаев даңғылы, 23-үйдегі (бұрынғы ХҚКО) 3 бөлмелі пәтерді алайық. Жалпы ауданы - 58 шаршы метр. Құны - 20 миллион теңге. Ал оның нақты құны - 15-16 миллион теңге. Бұл орташа максималды баға. Мынадай жағдайлар болады. Мәселен, меншік иесі пәтерді 20 миллион теңгеге сатқан көршісіне қарап, бағаны төмендетпейді. Ол да осы бағамен сатуға үміттенеді. Ал көршісі жарнамада бір бағаны көрсетіп, іс жүзінде оны арзанырақ сатуы мүмкін.

Айнұр САПАРОВА

1 қараша 2020, 14:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.