Атырау, 19 сәуір 11:20
 ашықВ Атырау +30
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Депутаттар экологияға алаңдаушылық білдірді

3 163 просмотра

30 қыркүйекте облыстық мәслихаттың кезекті сессиясы өтіп, депутаттар экологтардың баяндамасын тыңдады.

Атырау облысы бойынша экология департаменті биылғы 9 айда 46 тексеру жүргізді. Тексеру барысында экология заңнамасын бұзудың 130 фактісі анықталды.

- Анықталған фактілер бойынша 54 әкімшілік іс қозғалып, 88 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Айыппұл салынған компаниялар қатарында - «Ембімұнайгаз», «Атырау халықаралық әуежайы, «Атырау Су Арнасы» бар, - деді экология департаменті басшысының орынбасары Сырым ТІЛЕГЕНОВ.

Оның айтуынша, жаңа экологиялық «жол картасында» кәсіпорындардың атмосфераға шығарындыларын 300 мың тоннадан 264,3 мың тоннаға дейін азайту жоспарланған.

- Жайық өзені бассейнінің гидрологиялық режимін және оны экологиялық тұрғыда қалпына келтіруді зерттеу бағдарламасы жасалуда. Атырау облысында көгалдандыру, елді мекендерді абаттандыру, «жасыл белдеу» құру арқылы орман ресурстарын көбейту жұмыстары жүргізілуде, - деп есеп берді Тілегенов.

Еске салсақ, «Атыраудың жасыл белдеуі» жобасын жасауға мұнай-газ саласындағы ірі компаниялар тартылады.

Содан кейін облыстық мәслихаттың хатшысы Өмірзақ ЗИНУЛЛИН сөз алып, баяндамашының сөзін сынға алды.

- Сіздің баяндамаңызда ауа сапасы туралы бірде-бір сөз жоқ екенін бәріміз де байқадық. Бұл қазіргі кезде тұрғындарды алаңдатып отырған басты мәселе, - деді Зинуллин. - Біз ірі өнеркәсіп кәсіпорындарынан шығарылатын таза шығарындылар көлемі туралы сұраққа жауап алған жоқпыз.

Депутаттың пікірінше, экологтардың тағы бір проблемасы - заң бұзушыларды бақылау деңгейінің төмендігі.

- Бұған дәлел – заң бұзушылықты жою туралы бірнеше рет ұйғарымның берілуі. Жыл басынан бері «Ембімұнайгазға» - 4 рет, ТШО-ға - 3 рет, NCOC-қа - 2 рет ұйғарым шығарылды. Сіздердің ұйғарымдарыңызға қарамастан экологияны ластауды жалғастыруда, ал бұл бақылау деңгейінің төмендігін көрсетеді.

Бұдан басқа, депутаттар экологиялық төлемдерді біздің облыста қалдырып, оларды қоршаған ортаны қорғау шараларына бағыттауды ұсынды. Айтпақшы, бұл норма жаңа Экологиялық кодекске енгізілгенін Ө.Зинуллин атап өтті.

Оның айтуынша, экологиялық төлемдер мәселесін мәслихаттың келесі сессиясында, ТШО мен НКОК-тың қазақстандық құрамы туралы мәселе қаралатын кезде талқылау жоспарлануда.

Айнұр САПАРОВА

Суреттерді түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

1 қараша 2020, 13:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.