Атырау, 7 мамыр 09:16
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +22
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Әкімдік жапсаржайы қайта қарауға жіберілді

3 247 просмотра

Облыс әкімдігіне жапсарлана салынып жатырған ғимараттың құрылысы тоқтап қалды.

«АЖ»-ға облыстық құрылыс басқармасы хабарлағандай, «облыс әкімдігінің жапсаржай ғимаратын реконструкциялау» жобасына өзгерістер енгізілуіне байланысты, нысанның құрылысы тоқтатылып, жоба-сметалық құжаттамасы түзетуге жіберілген.

Енді жапсаржай құрылысы 2021 жылдың екінші жартысында аяқталмақ. Алайда қосымша екі қабаттың жоба-сметалық құжаттамасына түзету жұмыстары жақында мемлекеттік сараптамаға жіберілген. Құрылыстың мердігері ретінде астаналық «Казстройподряд» компаниясы таңдалды.

Жоба бойынша ғимараттың бірінші қабатында 800 адамға арналған мәжіліс залы орналасады. Басқа қабаттарда мәслихатқа, бөлімдер мен басқармаларға, сондай-ақ әкім орынбасарларына арналған бөлмелер мен залдар болады. Облыс басшысына ең жоғарғы - алтыншы қабат бөлінген, ол жерде кең кабинет, селекторлық мәжіліс залы, шағын асүйі бар асхана болады.

Әкімдіктің ескі және жаңа ғимараттары ені алты метрлік екі қабатты галерея өткелімен өзара жалғанады.

Естеріңізге салсақ, 2018 жылдың сәуірінде облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ әкімдіктің бүкіл басқармасын жаңа ғимаратқа бір жерге жинауды ұсынды. «Атырау» мәдени орталығын бұзып, орнына 6 қабатты ғимарат тұрғызу туралы шешім қабылданды. Бастапқыда жоба құны 6,3 миллиард теңге болса, кейін 7 миллиард теңгеден асты.

2019 жылы тағы екі қабат салып, ғимаратты 8 қабатқа дейін үлкейту туралы шешім қабылданды. Сметалық құны әртүрлі есептеулер бойынша 13,5-15 миллиард теңгеге дейін көбейді.

Шілде айында жапсаржай құрылысын жалғастыру үшін бұрын бюджеттен бөлінген 800 миллион теңгенің Құлсары қаласындағы 100 пәтерлік үш үйдің құрылысына бағытталғаны белгілі болды.

Брифингте қазіргі облыс әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ қаражаттың бір бөлігі игерілгенін және бұл жобадан бас тартуға болмайтынын мәлімдеді.

- Мен мамандарға ғимаратты әрлеу, жабдықтау тұрғысынан шығындарды азайту мәселесін қарастыруды тапсырдым. Іс жүзінде нысанның үлкейгеніне қарамастан, шығындарды 30% азайта аламыз деп жобалап отырмыз. Қысқасы, нысан құрылысы шығындарды оңтайландыру арқылы аяқталады, бірақ биыл емес, - деді аймақ басшысы.

Жақында «AЖ» дереккөздері жаңа ғимарат үшін әкімдіктің Италиядан сәнді жиһаздарға тапсырыс бергенін хабарлады.

- Бүгінде ғимараттың ішіне қойылатын жиһаздар мен жобада қарастырылған басқа бұйымдарды мердігер мекеме әлі сатып алған жоқ, - деп жауап берді құрылыс басқармасы.

Фархат ӘБІЛОВ

30 қазан 2020, 11:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.