Атырау, 28 наурыз 16:56
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

"Атырау-Ақтөбе" трассасындағы қайғылы оқиғаға не себеп болды

Сурет Бейнежазба
5 956 просмотра

4 қазанда «Атырау-Ақтөбе» трассасында болған ірі жол апатында 9 адам қаза болды.  «АЖ» тілшісі бұл қасіреттің себебін анықтау үшін оқиға орнына барған еді.

ЕКІ КӨЛІКТЕ ДЕ ТУЫСТАР ОТЫРДЫ

Естеріңізге салсақ, Renault Duster пен Geely көліктері соқтығысып, салдарынан екі көлік жүргізушісі мен жолаушылар – барлығы 9 адам көз жұмды. Renault Duster көлігінде Доссор тұрғындары - 57 жастағы жүргізуші, 55 жастағы әйелі мен 15 жасар ұлы және 36 жастағы туысы болған. Geely көлігінде 36 жастағы жүргізуші –Томарлы ауылының тұрғыны, 67 жастағы әйел - Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылының тұрғыны және Атыраудың үш тұрғыны – 63 жастағы ер адам мен әйел, сонымен қатар 38 жастағы әйел отырған. Алдын ала берілген ақпарат бойынша, олардың барлығы өзара туысқандар екен.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабының 4-бабы («екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан, көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы») бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Апат Мақат пен Жамансор арасында салынып жатқан жолдың жаңадан асфальт төселген бөлігінде болды. Жергілікті тұрғындар қайғылы жағдайға айналма жолдың нашарлығы да себеп болды дейді, бұл жол нашар болғандықтан жүргізушілер әлі салынып жатқан асфальтқа шығып, жоғары жылдамдықпен жүреді.


ЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ

Аудан әкімінің орынбасары Айдулат КЕНЖЕБЕКОВ пен Доссор кентінің тұрғыны Ғазиз ҒАБДУЛЛИН

Өткен аптада жол апаты болған жерде ауыл тұрғындарының  «Қазавтожол» компаниясының өкілдерімен, жол салып жатқан мердігер мекемемен, Қызылқоға ауданы әкімімен басқосуы болды.

- Жол апатына түрлі жағдай себеп болуы мүмкін. Оқиға пайдалануға тапсырылмаған жолда болған. Неліктен көліктер салынып жатқан асфальтқа шыққан? - дейді Доссор кентінің тұрғыны Ғазиз ҒАБДУЛЛИН. - Бұдан бұрын «Атырау-Ақтөбе» трассасымен Сағызға барып келгенде осы жолмен жүріп өткенмін. Қосымша жолмен жүру өте қиын, дөңгелегім жұлым-жұлым болып істен шықты. Біз осы себептен ауыл белсенділері апат болған жерге жолшылар мен мердігерді шақырдық.

Осы сұмдық трагедиядан кейін жөнделіп жатқан жол жабылып, белгі қойылған. Бірақ соған қарамастан кейбір ауыр және жеңіл көлік иелері уақытша емес жасалып жатқан жаңа жолмен жүруде. Осындай жүргізушілердің бірін тоқтатып, оның пікірін сұрадық.

- Қосымша жолмен жүру мүмкін емес. Оны дұрыстауға болмай ма, ыңғайлы етіп? - дейді ауыр жүк көлігінің иесі Денис. - Бұл тек осы жерде ғана емес, бүкіл Қазақстанда негізгі жол жөндеуге тұрғанда қосымша жолға аса мән берілмейді. Бұл жүргізушілер үшін өте ауыр және көргеніміз азап.

 Ал оның көлігіне осы жолмен жүруге:

- ...рұқсат берді, - деп түсіндірді.

Тексерушілер жол қызметкерлерінің қайсысы рұқсат бергенін сұрағанда, жүргізуші жауап бермеді.


«АЙНАЛМА ЖОЛҒА АҚША БӨЛІНБЕЙДІ»

«Қазавтожол» АҚ-ның Атырау филиалының директоры Жаңабай БАШАРОВ жүргізушінің пікірімен келіспеді.

- Біз барлық күшті жаңадан салынып жатқан жолға жұмасаудамыз. Қосымша жолға шығындана бергенше, - дейді Башаров.

- Неге олай дейсіздер, қосымша жол күйсіз, оны неге дұрыстамайды? - дейді ауыл тұрғындары.

- Қосымша жолға қаржы қаралмаған, оны дұрыс түсініңіздер. Ескі жолды қырып, тазартып, содан шыққан материалдан уақытша жол салынады. Ал щебень асфальт сияқты бірікпейді. Қарапайым жұмысшыны жүргізушілер тыңдай бермейді, олардың жұмыс жасауына да кедергі келтіруде. Кез келген жерден олар жаңа асфальтқа жол салып алады. Тіпті күрекпен топырақты тегістеп жол салып жатқанды да көрдім. Асфальтқа шыққан соң, олар жылдамдықты сақтамайды. Әрине, қайғылы жол апаты салдарынан адамдардың қаза болуы жанымызға батады. Әр көліктің артынан бақылап жүру мүмкін емес қой, - дейді Башаров.

Оны «Ақ жол» ЖШС-нің өкілі Нұрлан ТУРУМОВ қолдады.

- Біз жұмысты бұдан екі жыл бұрын бастап, жүргізіп жатқанбыз. Бұл жол әлі пайдаланылуға берілген жоқ. Бірақ оған ешкім мән берсмейді, көлік иелері тыңдамайды, біздің жұмыс жасауымызға кедергі келтіреді. 

Осы кезде сөзге араласқан Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Айдулат КЕНЖЕБЕКОВ:

- Әкімдіктің телеграмм чатында көлік иелері тарапынан уақытша жолға судың шашыла бермейтіні, сол себептен шаң көтеріліп, жүру қиын болып отырғаны жөнінде сұрақтар болды. Біз мердігер мекемеге хат жазып, шара алуын сұрағанбыз.

Жол қызметкерлері судың тапшылығынан қара жолға су шаша алмай отырғандарын жасырмайды.

- Сағыз өзені құрғап жатыр, екі ұңғыма қазылғанымен, ол да жетпейді. Айтыңызшы, суды қайдан аламыз? – деді Башаров.

Бұл басқосудың соңында бітпеген асфальт жолды сақтау және жұмысқа кедергі келтірмеу үшін құқық қорғау органдарымен бірлесіп жиі рейд өткізуді қолға алу керектігімен тоқталысты. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

29 қазан 2020, 18:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.