Ресми Анкара франциялық Charlie Hebdo сатира журналында Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның карикатурасы жариялануына байланысты дипломатиялық және заңды шаралар қолданады. Бұл туралы Түркия президенті әкімшілігінің коммуникация бөліміндегілер мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.
"Франция президенті Эммануэль Макрон мен голландиялық саясаткер Герт Вилдерстің қолдауымен сөз бостандығы, демократия, плюрализм сияқты құндылықтарды желеу ететіндер үнемі исламды, мұсылмандарды, Түркияны, түрік ұлтын және құндылықтарымызды қорлайды. Бүгін Charlie Hebdo-да жарияланған карикатура арандатушылықтың жаңа операциясы болып саналады. Оның жалғыз мақсаты - жағдайды одан әрі ушықтыру", - делінген хабарламада.
Хабарламада Еуропаның "Түркиямен және исламмен араздығы ушығып, біртіндеп лайға батып бара жатқаны" айтылған.
"Ұлтымыз осы карикатураға байланысты қажет дипломатиялық және заңды шаралар қабылдайтынына күмән жоқ. Арам ниетті және қиянатқа қарсы күресіміз ақылмен және батылдықпен жүргізіледі. Біз барлық елді және олардың басшыларын, әсіресе Францияны, арандатушылық шабуылдарға жауапкершілікпен және әділ көзқарас негізінде тиісті қадамдар жасауға шақырамыз", - делінген хабарламада.
Анкара прокуратурасы франциялық Charlie Hebdo сатира журналында Ердоғанның карикатурасы жариялануына байланысты тексеріс жүргізілетінін мәлімдеді