Атырау, 19 сәуір 15:14
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Абақтыда отырған Таубаев өзін қызметінен босатуды сұрады

3 196 просмотра

Пара алды деген күдікпен ұсталған Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВ облыс әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВТЕН өзін қызметінен босатуды сұрады.

Облыс әкімінің атына жазылған өтінішті Таубаевтың адвокаты Игорь Вранчев Facebook-те жариялады:

«Құрметті облыс тұрғындары. Мен шешім қабылдап, 22 қазанда Атырау облысының әкіміне мені Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметінен босату туралы өтініш бердім.

Бұл шешім тергеу жүргізіліп жатқан қылмыстық іс бойынша өз кінәмді мойындауға байланысты емес, мен өзімнің кінәсіз екенімді дәлелдегім келеді, өйткені мен айыпталып отырған нәрселердің ешқайсысын жасаған жоқпын.

Бұл шешімге келуіме тергеу амалдары жүргізіліп жатқан кезде мұндай жауапты қызметті атқара алмайтындығым себеп болды.

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасарына жауапты жұмыс саласы жүктелген, Қазақстан Республикасының Мәслихаттары мен Мәжілісіне сайлау өткелі жатыр, осыған байланысты мен әріптестеріме және Атырау облысының әкіміне күдік көлеңкесін түсіргім келмейді.

Осыған байланысты және осы себеппен ғана бұл шешімді қабылдадым. Н.Б. Таубаев».

Естеріңізге салсақ, Нұрлан Таубаев пен облыстық құрылыс басқармасының бастығы Тимур БАСАРОВ 182 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған болатын. Сот оларды екі айға қамауға алуға санкция берді. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 366-бабының 4-тармағы ("Қылмыстық топ жасаған, сол сияқты аса ірі мөлшерде пара алу") бойынша тергелуде.

Егер олардың кінәсі дәлелденсе, оларға параның 80 еселенген мөлшерінде айыппұл салынады немесе мүлкін тәркілей отырып, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.

Бұдан бұрын Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов орынбасарының қамауға алынуына қатысты пікір білдіріп, егер Таубаевтың кінәсі сотта дәлелденіп, оған айыптау үкім шығарылса, өзінің қызметінен кететінін мәлімдеген болатын.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

26 қазан 2020, 19:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.