Атырау, 26 сәуір 14:49
 ашықВ Атырау +23
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Сайлауалды дайындық туралы

2 977 просмотра

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы 2021 жылдың 10 қаңтарына белгіленді.

Атырау облысы бойынша аумақтық сайлау комиссиясының ақпаратына сәйкес, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидат ұсыну құқығы тіркелген саяси партияларға тиесілі. Сонымен қатар, биыл сайлау өткізу ережесіне партиялық тізімдегі әйелдер мен 29 жасқа дейінгі жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Сондай-ақ, жаңа партияны тіркеу үшін оның мүшелік шегін 40 мыңнан 20 мыңға дейін төмендетті.

Жоспар бойынша 10-30 қараша аралығында кандидаттарды ұсыну, 10 қарашадан 10 желтоқсанға дейін партиялық тізімдерді тіркеу өтеді. 10 желтоқсанда сағат 18.00-ден сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны басталып, 9 қаңтарға дейін жалғасады.

Алдағы сайлауда Атырау облысының 9 мәслихатына (7 аудандық, қалалық және облыстық) 141 депутат сайлануы тиіс. Атап айтқанда, 31 облыстық мәслихат депутаты, 24 қалалық мәслихат депутаты және 86 аудандық мәслихат депутаты.

Енгізілген өзгерістерге сәйкес, мәслихат депутаттары алғаш рет партиялық тізім бойынша сайланады, бірыңғай аумақтық сайлау округі құрылады және Мәжіліске сайлау кезінде әйелдер мен жастар үшін дәл осындай квота қолданылады.

Атырау облысында 1988 комиссия мүшесі жұмыс істейтін 9 аумақтық, 265 учаскелік сайлау комиссиялары құрылды (оның ішінде 11 жабық учаске – аурухана, уақытша ұстау изоляторы, әскери бөлімдер).

2020 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша, біздің облыста 409 133 сайлаушы бар.

Қазір Мәжілісте 107 орын, 84 орын «Нұр Отан» партиясына, 7 орыннан «Ақ Жол» мен ҚКХП-ға тиесілі. Тағы 9 орын Қазақстан Халықтары Ассамблеясының мүшелеріне арналған.

Естеріңізге сала кетейік, Парламенттің төменгі палатасына енді 7-ші шақырылым болады, ал 6-шы шақырылым депутаттарының өкілеттігі 2021 жылғы наурызға дейін күшінде болады. 

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

25 қазан 2020, 22:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.