Атырау, 29 наурыз 03:07
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Құрылыс қаңырап тұр

Сурет Бейнежазба
3 371 просмотра

Осыдан үш жыл бұрын басталған Мақат кентіндегі орталық алаңды жаңғырту жұмыстары мәресіне жетпей, тас-талқан күйде жатыр.

Әкімдіктің алдында жауапсыздыққа қойылған ескерткіш іспеттес қаңырап, арамшөп қаптаған бос алаң тұр. Жөндеу жұмыстарына  бюджеттен 88 млн теңге бөлінген орталық алаң қазір осындай күйде.

2017 жылы мердігер осы алаңды абаттандыруға кірісіп, соңын аяқсыз қалдырды. Ал жоба бойынша бұл жерде субұрқақтар мен демалуға арналған орындықтар орнатылу керек еді.  

Мердігер 66 млн теңгесін игерген, ал 21 млн теңгенің жұмысы жасалмай қалып қойған. Мақаттағы «Болашақ» ықшамауданында да осындай жағдай. Оның құрылысына бюджеттен бөлінген 54,7 млн теңгенің 48,9 млн теңгесі игерілген.

Бұл екі бірдей нысан жұмысын үш жыл бұрын Тараз қаласынан «МасштабСтройГрупп» ЖШС конкурс бойынша жеңіп алған еді.

Қазір олар қирап, қаңырап тұр. «Болашақ» ықшамауданындағы аллеяда төселген төсемтастар сапасыз жасалғандықтан шашылып жатыр, арка мен ротонда бітпей, қалқиған күйде тұр.

Құрылыстың енді жалғасатыны-жалғаспайтыны белгісіз. Әкімдік жасалмаған жұмыстардың қаржысы кері қайтарылып, қайта конкурс өтеді деп сендіріп отыр. Бұл да тек айтылған сөз.

Өткен жылдың 15 қарашасында сот Мақат аудандық құрылыс бөлімінің талап арызын ішінара қанағаттандырып, мердігер «МасштабСтройГрупп» ЖШС-не бір ай мерзім ішінде істен шыққан құрылғыларды қалпына келтіруді міндеттеп шешім алған. Алайда, соттың шешімі әлі орындалған жоқ. Әкімдікте Тараздық мердігер банкротқа ұшырады деген әңгіме айтылды.  

- «МасштабСтройГрупп» ЖШС  құжаттарын банкротқа дайындап отырғанын естідік. Егер банкрот деп жарияланатын болса, сот орындаушылары игерілмеген қаржыны өндіріп алуға жұмыстанады. Онда қалған жұмыстарды бітіру үшін қайтадан тендер жарияланады. Ал аяқталмаған жұмысқа бюджет тарапынан қосымша қаражат қаралмайды, - дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Қаржау ШАРҒАБАЕВ.

Банкротқа кететін мекемеде өндіретіндей қаржы бар ма? Ол жағы белгісіз.   

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

25 қазан 2020, 22:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.