Атырау, 19 наурыз 11:08
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +6
$ 449.30
€ 489.69
₽ 4.89

Жамансорлықтарды мектеп пен ауыз су мәселесі толғандырады

Сурет Бейнежазба
4 942 просмотра

Жуырда «АЖ» тілшісі Қызылқоға ауданы Жамансор елді мекенінде іссапармен болып қайтты.

Жамансор елді мекені теміржол станциясының қасында, екі облысты қосып тұрған «Атырау-Ақтөбе» трассасының бойында орналасқан. Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Айдулат КЕНЖЕБЕКОВ әңгімелегендей, жол жөндеуге іліккелі жамансорлықтардың проблемалары біртіндеп шешілуде. Оның айтуынша, тұрғылықты халқы 500-ге жетіп жығылатын елді мекенге көгілдір отын жеткізіліп, ауыз су келген. Биыл электр бағаналары жаңғыртылып, 6 шақырым болатын ауылішілік жол жасалуда. Алайда жамансорлықтардың өздерінің айтуынша, проблема жетерлік екен. Ауылға газет тілшісі келгенін білген соң олар өз мұңдарын айтқысы келіп, бір-біріне хабар бере бастады.

- Жиналуға болмайды, карантин кезі. Қазір мен ауданға мәлімдеймін, - деген аудан әкімі орынбасары кездесуімізге кедергі келтіруге тырысты.

Теміржол бекетіне үш қария келді. Олардың бірі зейнеткер Бағдабай АМАНОВ тікесінен сұрақ қойды.

- Осы сен қорықпай жаза аласың ба, жоқ па. Жоқ әлде, сөзімізді өзгертіп жібересің бе?

- Айта беріңіз...

- Айтсам былай, ауылда басты проблема - мектеп жоқ. Бастауыш мектеп оқушыларына арналған біреуі бар, ал бізге 9 жылдық мектеп керек. Осы ауылға тоғызжылдық мектеп қажет деп айтқанымызға көп болды, басшылар ауданнан да, облыстан да келеді, әне-міне салынады деп уәде береді де орындамайды. Біздерге мектептің суретін (макетін болу керек - Л. Қ.) көрсетеді де жоқ болып кетеді. Ақыры қаржы бөлінсе, неге орындалмайды? Үш немерем бар, жан-жақта бытырап жүр. Мектепке бару қиын, пойыз алмайды, әсіресе қыста қиын.

Екінші мәселе - ауылда электр бағаналарын жаңғыртқанымен оны үйге дейін жеткізу оңай болмай тұр, ауыл тұрғындарының ақшасы жоқ. Әсіресе, қазір қашықтан оқып жатқан ауыл оқушыларына оңай емес.

- Менің үш баламда бір смартфон. Олардың бас-басына телефон алып беретін жағдайымыз жоқ, - дейді тұрғын Гүлжазира ИСАХАЕВА. Ұялы байланысқа айына 3 мың теңге кетеді. Егер зуммға кірсек бұл ақша дым болмайды, сондықтан оны пайдаланбаймыз.

Оның балалары Доссордың мектеп интернатында оқиды, ол жерге  такси бағасы 1500 мың теңге. Автобус жқаралмаған, ал пойызға билет сатылмайды.

Жамансорда азық-түлік дүкені бар, бірақ ондағы тауарлар өте қымбат. Сондықтан адамдар азық-түлікті Доссор мен Мақаттан тасиды. Ауыл дүкендерінде жұмыртқаның бір данасы 35, картоп, сәбіз, жуаның келісі 200-250, алма 600-700, қияр, қызанақ 400 теңге шамасында. Дүкен иелері бағаның жоғары болуы жол шығынына байланысты дейді.

Біз Жамансордағы 2010 жылы салынған бастауыш мектепке бардық. Бұл жерде 60 оқушы оқиды. Мектеп ішіндегі әжетхана дұрыс жұмыс жасамайды, балалар сыртқа түзге баруға мәжбүр.

Жамансор бастауыш мектебінің меңгерушісі Жанаргүл ЖҰМАҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, мектепте бес кабинет бар.

- Бізге кең мектеп керек, балалар бұл жерде қысылып-қымтырылып оқып жатыр. Аумағы 3х4 метр болатын сынып бөлмесінде 14 оқушы отырады. Мектепте спортзал, акт залы дегендер атымен жоқ. 5 сыныптан жоғары 67 оқушы Доссорда, 20 оқушы Атырауда, Мақатта, Ақтөбеде, жан-жақта оқып жатыр, - дейді оқу ісінің меңгерушісі.

Аудан әкімінің орынбасары А. Кенжебеков ауылға 120 орындық мектеп, 60 орындық интернат салу үшін жобалық-сметалық құжаты жасақталып тұрғанын, облыстан қаржы бөлінген жағдайда жүзеге асатынын айтады. Тек бұл қаржының қашан бөлінетіні әлі белгісіз.

Шенеуніктің айтуынша, ауыз су «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбыры аркылы келеді, бірақ бұл су жетпейді. Ауыл тұрғындарына қосымша су Ноғайтыдан пойызбен жеткізіледі.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

26 қазан 2020, 10:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.