Атырау, 29 наурыз 15:07
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Жемге «қызыл су» келіп жатыр

Сурет
5 215 просмотра

«АЖ» Жылыой ауданына қарасты Жем өзені бойын құм басып, 200-ге жуық шаруа қожалықтарын алаңдатып, толықтай құрғап жатқанын хабарлаған еді. Жақында Мұғалжар жақтан жылжып аққан «қызыл судың»  көрінуі шаруалардың үмітін оятты.

Әлеуметтік желіде өзі аз табиғи суды шаруалардың бөгет қойып, өзара бөлісе алмай жүргендігі жөнінде бейнежазба тарады. «Әлімжеттік танытқандар суды өздіктерінен бөгеп, төрт елді мекенді шөлейітке айналдырды» дейді олар. Бұған жергілікті әкімдік қалайша жол беріп отыр дегенге Жылыой аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас ҚУАТБАЕВ былайша жауап берді: 

- Соңғы екі жыл Ақтөбенің Мұғалжар тауынан келетін су мөлшерінің тым азаюы жылыойлық шаруаларды әрі-сәрі күй кештіруде. Жоғардағы айтылып отырған бөгет көктемде жасалған, азын-аулақ суды тиімді пайдалану үшін егіншілер бөгегені рас. Бірақ ол бөгеттен де егіншілер пайда көрген жоқ. Нағыз дақыл шығарда су болмай, егіншілердің барлығы тақыршаққа отырып қалды. Енді келесі жылы диқаншылар егістікке шыға ма, жоқ шықпай ма, белгісіз. Оларды да түсінуге болады, күлдей шығынға бату оңай емес.  

- Жем өзеніне су келіп жатыр деп естіп отырмыз. Ол не су?

- Ол «қызыл су». Бұл тау басындағы бұлақтардан келеді. Көп бұлақтың беті жабылып қалған, қаншасы бар екені де белгісіз, 200 бе, жоқ 1000 ба? Негізі Қазақстанда бұлақпен айналысатын бірде-бір мекеме жоқ. Сол себептен Мұғалжарда қанша бұлақ бар, оның көзін табу, аршу дегендер қашан жүзеге асатыны белгісіз. Тек қар суына телміріп отырмыз, мысалы биыл қар өте аз түсті. Бұлақ көздері аршылса Жем бойы сусыз қалмас еді. Бүгінде сол бұлақ басының көзі ашылғандықтан өңірімізге «қызыл су» келіп жатыр. Бұл су Ақкиізтоғай ауылынан асып, Бақашы бөгетіне жетіп үлгерді. «Қызыл судың» қашықтығы Құлсарыдан 25 шақырымдай жерде. Осы қарқыннан таймаса, су Құлсарыға да жетер. Мал су ішетін мүмкіндік туды. Бұған да шүкіршілік дейді шаруалар. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

30 қазан 2020, 16:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.