Бұл жерде қазір адам аз. Карантин кезінде оңалту қызметінің белсенділігін төмендетуге тура келді, бірақ алаңды абаттандыру жұмыстары әлі күнге жалғасып жатыр. Бұрын теп-тегіс болған осы бір шағын алаң қазір арена, гидропоника цехы, ат ұстайтын қора, жайлы демалыс күркелері бар және сәнді раушан гүлдері өсіп тұрған сауықтыру кешеніне айналады.
«Бірінен кейін бірі шырмады» деп әдетте қиындық қатар келген кезде айтылады. Ал Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВТЕ керісінше, бір адамның игі ісі басқа жақсылықтарға жол ашатын бастама болады. Ерланды тыңдап отырсаң, оның «Маленькая странасында» еш қиындық жоқ, бәрі рет ретімен жасалып жатыр. Сыныптасы құм әкелсе, кездейсоқ танысы құрылыс материалдарымен көмектесті, демеушілер көшеттерді тегін берді, бейнебақылау орнатты, коммуналдық қызметтегілер жарық пен су жүргізіп берді және т.б.
Бәрі оған шын ниетімен көмектесуге дайын, себебі адамдар оның қаншалықты маңызды жобаны жүзеге асырып отырғанын түсініп, бар ғұмырын арнаған ісінің өркендеп кетуіне бар ынта-ниетімен жұмыстанып жүргенін көздері көріп отыр.
ӘЛЕУМЕТТІК АУЫЛ ҚАЛАЙ САЛЫНДЫ
- Біздің әлеуметтік ауыл – әлемдегі үшінші ауыл. Біріншісі Ұлыбританияда, екіншісі «Светлана» деген атпен Ярославль облысында жұмыс істейді. Біздің «Маленькая страна» Англиядан келген отандастарымыздың арқасында пайда болды, олар мені Кэмпхиллдің тәжірибесімен (интеллектуалды немесе психикалық дамуы бұзылған балаларға арналған терапевтік қоғамдастықтар желісін қамтитын халықаралық қозғалыс) таныстыруға шақырды. Олар билет сатып алып, виза алуға көмектесті. Маған тек барып, қиялымдағы арманым жүзеге асқанда қалай болатынын өз көзіммен көру керек болды. Ол кезде мен үлкен бір істің алдында тұрғандай сезіндім, маған тек белгілі бір идея қажет болды. Олардың шақыруының арқасында бәрі өз орнына келді. Мен Кэмпхиллді көрдім де, өмірімдегі өз жолымды айқындадым, - дейді Ерлан.
Ол әккі экскурсовод секілді «Маленькая странаны» аралатып жүріп, экскурсия өткізеді. Сауықтыру қалашығының аумағы 5 га құрайды: ұзындығы 312 метр және ені 150 метр. Екі жыл бұрын бұл жерде ашық дала болған. Бірақ Ерланның ойында қамқорлығына алған жандардың өз қабілетіне барынша сенімді болып, кең әлемге шығуға дайындайтын жылы ұяның құрылысына қатысты нақты жоспар құрылған еді. Ең алдымен бұл жерде атқора салынды. Көптеген балаға иппотерапия қажет, ал аналарының оған қаражаты жетпей жатады. Бұл ретте аналар деп бекер айтып отырғанымыз жоқ. Өйткені, көп жағдайда аналар ерекше балаларды жалғыз тәрбиелейді. «Маленькая страна» ауылында 600-ге жуық отбасы ем алды, тәжірибе көрсеткендей, өкінішке орай, ерекше балалар дүниеге келгеннен кейін жағдайдың 85%-да әке проблемалардан қашқақтай бастайды.
ДУНКАН, ЯРИК ЖӘНЕ БАСҚА ИППОТЕРАПЕВТТЕР
Ерланның айтуынша, атқора ерекше жағдайда пайда болды. Сізге өзіңіз әр тетігіне дейін ойластырып армандап жүрген керемет сыйлық берілді ме? Міне, сондай сезім. Жомарт жан бағасын арзандатпай, еш жерін кемітпей, сапалы материалдардан жылқы үшін өте қолайлы үй тұрғызып берді. Олардың әрқайсысы туралы сағаттап әңгіме айтуға болады. Ең маңыздысы және сұлуы, әрине, ол Кедр. Таза бәйгеге қосуға арналған жылқы, соның арқасында Атырауда пара ат спорты түрінен алғашқы жүлделі медальдар пайда болды. Кедр биіктігі 1,5 метр болатын кедергілерді еркін бағындырады. Кез келген спорттық ат мұндай қасиетімен мақтана алмайды. Чемпионды күтіп, өте жақсы физикалық күйде ұстау – бұл «Маленькая страна» қызметкерлері атқаратын ауқымды шаруа.
- Біз грузин мамандарынан академиялық иппотерапия сабақтарын алдық. Содан кейін Алматыдан халықаралық дәрежедегі спорт шебері болған жаттықтырушыны шақырдық, ол бір ай бойы біздің қызметкерлерді іс жүзінде оқытты. Енді біздің мамандарға бүкіл әлемде, тіпті Америкада да, Таиландта да иппотерапевт болып жұмыс істеуге мүмкіндік беретін халықаралық сертификаттарға да ие болдық, - деп атап өтті Ерлан.
Иппотерапия екі түрге бөлінеді – аттың үстінде және атпен жүріп жасайтын жаттығулар. Мерин Дункан – мықты жануар. Оның өзіндік анатомиялық құрылымы да ерекше, бірден бірнеше адамды көтере алады. Бұл баланың белі ұстамаған кезде, тек нұсқаушымен атқа міне алатын кезде өте қажет. Ал, Ярик бір кездері аяғын сындырып алды, енді оған үнемі мінуге болмайды. Бірақ ол өте сабырлы, оны сипап, құшақтауға, жалын өруге болады. Осылайша, олардың әрқайсысы иппотерапияның әр түрлі бағыты бойынша қолданылады.
БАЛА БӨТЕН БОЛМАЙДЫ
Дәл сол жерде Рокки мен Биджо болашақта терапевт болуға дайындалуда. Башқұрт тұқымының құлындарын кездейсоқ таңдаған жоқпыз. Бұл тұқымның жылқылары бойы аласа келеді, иппотерапияға қолдануға өте қолайлы. Біріншіден, олар ірі болмағасын балалар қорықпайды, екіншіден, нұсқаушыларға науқастарды отырғызуға, процесті бақылауға өте ыңғайлы. Башқұрт жылқыларының сүті мол болады. Келесі жылы жобаны қаржыландырып отыру үшін қымыз бен саумал сатуды жоспарлап отыр. Бұл шағын ауылдағы төрт түліктің бәрін қоректендіру де оңай шаруа емес. Шөптің бір түгі 8-9 мың теңге тұрады. Шығынды қысқарту үшін қызметкерлердің өзі биылдан бастап шөп дайындауға кірісті, бұл мақсатқа инвестор «Беларусь» тракторын сыйға тартты.
Өткен жылы Ерлан шағын ауылдың ауласынан иппотерапия жаттығуларын жасауға қолайлы, әрі қауіпсіз, жарық қондырылған арнайы манеж салу үшін біздің жұлдыздар мен танымал тұлғалардан қол ұшын көрсетуді өтінген пост жариялады. Өтініш жолданған адамдардан құлақ асқан ешкім болмады, алайда бала бөтен болмайды деген салиқалы оймен Түркия елінің тұрғындары көмек көрсетуге ниет білдірді. Манеж қандай болу керектігін көрсеткен фото және бейнебаянмен танысып шыққаннан кейін инвесторлар көз жасына ерік берді. Ол біздің аналар мен балаларға қатты әсер етті. «Маленькая страна» ауылында орындалуы қажет болып тұрған шаруалар тізіміндегі келесі тармақ - паралимпиадашылар үшін жабық манеж құру.
ИГІЛІКТІ ІСТІҢ КӨРСЕТКІШІ
Ерлан менімен қай объекті қалай пайда болғаны және оларды сыйға тартушылар туралы ақпарат жазылған тақтайша орнатқысы келетінін айтты. Шамасы, мұнда әр қадам сайын осындай белгі орнату керек болар. Бірде шағын қалашыққа бастамашыл топ мүшелері экскурсияға келіп, атқорада жаттығып жүрген балалардың бірі көрпеде, біреуі орындықта, біреуі тағы бірдеңенің үстінде отырғанын көріп, көңілдері түсіп кеткен екен. Сөйтіп, олар балаларды қуантып, таңғажайып әдемі, ақ екі киіз үй сыйлапты. Қазір жинаулы, көктемде құрмақ, балалар мәз болатын болды. Ауылда мектеп міндетті түрде салынады. Бәрі өз уақытымен.
Атырауда көп жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан бір үнді кәсіпкері балаларға қандай қолдау көрсете алатынын сұрап, қоңырау шалды. Ұсынған жұмыстардың ішінен айналаны темір тормен қоршап беруді өз мойнына алды. Кейін ол қоршауды жылқыларды ұрлауға әрекеттенген барымташылар қиратып кете жаздады. Ұрыға бәрібір, мейлі, ол бала емдейтін жануар болса да. Жануарларды емге пайдалану үшін оны ұзақ жылдар бойы үйрету керек екенін олар қайдан білсін. Ерлан мен осы жобаның бірлескен авторы Берік екеуі кезектесіп күзетіп жүргені жақсы болды. Берік ұрыларды үркітіп жіберді. Келесі күні экскурсияға бірнеше отбасы келді. Ішінде бір отбасының отағасы бейнебақылау камераларын жеткізіп, қондырумен айналысады екен. Сөйтіп, қазір ауыл айналасы түгел бейнекамерамен жабдықталған, енді оның тұрғындары ақылды жүйенің бақылауында.
ҚАЛДЫҚТАН ДА ШӨП ӨСЕДІ
Гидропоника цехына қандай тақтайша қойылатынын білмеймін, бірақ оның пайда болу тарихы мынадай: ғимарат облыс әкімдігінің қиратылған жапсаржайының қалдықтарынан тұрғызылған. Ойын алаңындағы төсемдер де сол жерден әкелінген.
- Ұятты қойып, бәрібір ғимарат қиратылып жатыр екен, құрылыс материалдарының бір бөлігін маған беруді өтіндім, - деп күледі Ерлан.
Тәжірибелік пайдасынан бөлек (бұл цехта 30 кг дәннен шамамен 210-220 кг егіннің көгі өсіріледі) ол білімді жетілдіруге және жалпы дамуға қолайлы әсер етеді. Балалар күн сайын дәннен өсіп шыққан өсімдіктің қалай дамығанын бақылап, білімін шыңдайды. Миға осындай шабуыл жасау олардың дамуына өте тиімді.
Әлеуметтік қалашықтың қызметі мүгедектігі бар адамдар мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтендіру мәселесін қамтиды. «Маленькая страна» бұл принципті мықты ұстанады. Раушан гүлдерін аутизммен ауыратын жасөспірімдер отырғызады, олар өз міндеттерін өте жақсы орындайды. Ауыл қызметкерлерінің ішінде Салтанат - ерекше баланың анасы. Қаланың қызы жылқыларды басқаруды жақсы үйреніп алды, қазір ол ең жақсы нұсқаушылардың бірі. Карантин шектеулері алынғаннан кейін қызметкерлерді таңдау кезінде олар осы қағиданы ұстанады.
КОРОНАВИРУСТАН КЕЙІНГІ ӨМІР
Біз экскурсиямызды әрі қарай жалғастырдық, маған тағы да ауылды жабдықтауға көмектескен ұйымдар мен фирмалардың атауы айтыла бастады. Олар әдемі моншақтар секілді бірінен кейін бірі жіпке тізіле бергендей. Ауылға экскурсияға келгеннен кейін бір мұнай компаниясының қызметкерлері кеңсе бөлмесін жабдықтауды ұсынды. Қазір бұл өте ыңғайлы және әдемі орынға айналды. Ең бастысы, бұл бөлмеде коронавирустан емделгеннен кейін науқастарды сауықтыруға мүмкіндік бар. Бұл өте қатыгез дерт – адам ағзасы оны ауыр өткереді, салдары да қауіпті, асқынса жүрекке, бүйрекке және жүйке жүйесіне әсер етеді. Оған жол бермеудің жалғыз әдісі – ағзаны қалпына келтіруді оңтайлы ұйымдастыру. «Маленькая страна» Грузия Денсаулық сақтау министрлігінің қалпына келтіру медицинасы жөніндегі кеңесшісі, профессор Хатуна САГАНЕЛИДЗЕНІҢ қолдауына ие болды. Ол жергілікті ғылыми топты басқарады. «Маленькая страна» мамандары үшін ең бастысы – нәтижеге қол жеткізу, оны басқа аймақтағы әріптестерімен бөлісу үшін әдістемелік құрал жасау. Қазір ауылда дайындалып жатқан тағы бір маңызды бағыт – паллиативті көмек көрсету әдісін қолдану жұмысы. Жағдайы ауыр науқастардың қиналғанын жеңілдету тек қаражаты бар адамдарға қол жетімді. Ерланның отбасы анасы ауырған кезде бұған әбден көз жеткізді. Сондықтан ол адамның ауырсынбай және еш азапсыз о дүниеге аттану қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді…
АННА АЛЛЕЯСЫ
Қазір шағын ауылды аулада бой көтерген ғимараттар мен күркелер арқылы тануға болады. Ал бірер жылдан кейін бүкіл периметр бойынша өсіп тұрған тал-теректер мен мұндалайтын болады. Көшеттерді саңыраулар қоғамы мен соқырлар қоғамының өкілдері отырғызды, олар да осылайша әлеуметтік ауылдың дамуына үлес қосуды ұйғарды. Теректерге тамшылатып суару жүйесі қолданылады. Оны пластик құбырларымен айналысатын мекеме сыйға тартқан. Демалыс күркелері де инвестордан келген сыйлық. Олардың жанында хош иісті раушан гүлдері жайнап тұр. Бұл гүлдердің кімге арналғанын естіген шымкенттік жеткізушілер ең жақсы сорттарын таңдап жіберген. Оңтүстіктен шие, алмұрт және алма көшеттері жеткізілді. Қазір олар жерсініп кетті, бірнеше жылдан кейін «Маленькая страна» ауылында тура Кэмпхиллдің үлгісімен егін жинауға болады: кез келген адам жеміс-жидектердің қажетті мөлшерін жинап алып, бақшадан шығарда өлшеп, ақшасын төлеп кетеді.
- Біз жердің құнарлылығын анықтау үшін раушан гүлдерін отырғыздық. Енді біз хош иісті шөптер – бөріқарақат, жалбыз, долана өсіруді жоспарлап отырмыз. Ыдысқа салынған кептірілген шөптерді сатамыз. Міне, осындай әлеуметтік құралдар арқылы балалардың еңбегінің қаншалықты құнды екенін және өз икемімен қалай пайда табуға болатынын түсінуі үшін қолданғымыз келеді, – деп Ерлан өз экскурсиясын жалғастырды. Әріректе Анна деп аталатын аллея бар, ол көшеттерді берген әйелдің есімімен аталған. Оны ешкім көрген жоқ, ол тек жай ғана жас ағаштарды сыйға тартты. Мұндай анонимді көмек бәріне қатты әсер етті және «Анна аллеясы» деген сөз тіркесі құлаққа жағымды естіледі.
– «Маленькая страна» жобасын қолға алғанға дейін көмек қолын созуға дайын тұрған айналада жомарт жүректі, мырза көңілді, кең пейілді адамдардың осыншама көп екенін ойламаған едім, - дейді Ерлан.
Ал қазір ол ауылдың дамып, өркендеп, көркейетінін жақсы біледі, өйткені бұл ретте ең мықты күш - адамдардың кең пейілі.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Сурет пен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ