Атырау, 7 мамыр 15:39
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +16
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Доссордағы кәріз жүйесінің жыры

Сурет Бейнежазба
4 181 просмотра

Мақат ауданы Доссор кентінде кәріз құбырын тарту жұмысы үш жылдан бері жүруде, алайда булану алаңы қарастырылмағандықтан жиналған нәжіс суы шағын көлшікке айналды.

Қазіргі «жабайы» күйдегі булану алаңының аумағы 500 шаршы метрді алып жатыр әрі жыл сайын ұлғайып келеді.  Кенттен 3 шақырым жердегі нәжіс алаңының қоршаусыз және қараусыз жатқанына жергілікті тұрғындар алаңдаулы.

Доссор кетінің тұрғыны Ғазиз ҒАБДУЛЛИННІҢ айтуынша, бүл «көлшік» жергілікті халыққа біраз қиындық туғызып отыр.  Жайылып жүрген мал осы жерді суатқа айналдырған. Ал оның сүті мен етін адамдар жеуге пайдаланады.

- 2017 жылдан бері Доссор кентінде көше-көшеде кәріз құбыры тартылуда. Ол құрылыс биылғы жылдың аяғында, немесе келесі жылы пайдаланылуға берілмекші. Сонда кенттегі балабақша, мектеп, басқалай мекемелерді қоспағанда 3050 үй түгелдей кәріз жүйесіне қосылады. Ал бізде кәріз суын тазартатын станса жоқ. Қазір кәріз суын тасымалдап, даладағы алаңқайға құйып жатыр. Сонда кәріз жүйесіне түгелдей қосылғанда не болады? – дейді Ғабдуллин.

Кент басында міндетті түрде кәріз тазарту стансасы салынуы керек. Оның суын тазартып, техникалық күйде пайдаланылуға әбден болады деп есептейді кент тұрғыны.

Кентте 14 мың халықтан бөлек, қажеттіліктеріне қарай 8 көлік жуу, 5 мейрамхана, 5 монша, 4 кафе, 2 базар, дәріхана, 7 шаштараз, 27 дүкен, 2 фотосалон таза суды тұтынады. Бұдан бөлек кенттегі тал-терек суарылады, мал тағы бар.

- Ауданда су мәселесі алдыңғы орында тұр. Қазір барлығына су Жайық өзенінен алынуда, ал оның жағдайы мүшкілденіп барады. Облыс әкімдігінен келген өкілдер станса Доссордан салынбайды, 30 шақырым жердегі Мақат кентіндегі булану алаңына құбыр тартылады деген болатын. Доссорлықтарға да техникалық суды пайдалануға мүмкіндік беру керек деп есептейміз, ал онда тағы соншама қашықтан су құбырын тарту қажет болады, - дейді Ғазиз ҒАБДУЛЛИН.  

Мақат аудандық әкімдігіндегілер доссорлықтардың өтінішін жерге қалдырмаймыз деп уәде етіп отыр.

- Мақат кентінде жаңа кәріз суын тазартатын станса салынды. Соған Доссордан құбыр тарту үшін сметалық құжаты жасақталуда. Құрылыс жұмыстары қаржы бөлінуіне байланысты басталады. Ал Доссор кентіндегі булану алаңын темір бетонмен қоршау жұмыстарын қолға алмақпыз, - деп мәлімдеді Мақат ауданы әкімінің орынбасары Болатбек САРСЕН.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА  

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

20 қазан 2020, 13:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.