Атырау, 25 сәуір 21:25
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

«Мойындамасаң – әкеңе жала жабамыз». Атырау полициясы гастарбайтердің өліміне қатысты істі қалай ашқаны туралы

Сурет Бейнежазба
5 011 просмотра

«Олар егер мен мойындамасам, ертең таксит болып жүрген әкемнің қалтасына есірткі салып жібереміз деп бопсалады. Анама да оңай тимейді деді. Содан кейін көлікте менің бүйрегімнен, аяқтарымнан  теуіп, соқты... Маған не болатынын білмеймін, қорқып тұрмын. Апа, менің жазығым жоқ!». Бұл 24 жастағы Дәурен ЖОЛАМАНОВТЫҢ тергеу изоляторынан анасы Нұргүл МАГУЛОВАҒА беріп үлгерген хатынан үзінді. Жақында шыбын жаны шырқыраған әйел «АЖ» редакциясына келіп, ұлының қандай қиын жағдайға тап болғанын айтып берді. 

Мамырдың 17-сіне қараған түні облыстық психикалық денсаулық орталығына (бұрынғы наркодиспансер) полиция қызметкерлері мас күйде болған Өзбекстан азаматын жеткізеді. Наркологтар науқасты сауықтырғаннан кейін, полиция қызметкерлері оны кері алып кетеді. Екі күннен кейін қала маңындағы Жұлдыз ықшамауданында гастарбайтердің өлігі табылады...

Шетел азаматының өлген фактісі бойынша қылмыстық іс көтеріледі де, жарты жылдан кейін іске қатысты күдіктіні анықтайды – ол гастарбайтерді түнде мас күйде әкелгенде куәландырудан өткізген наркодиспансердің санитары Дәурен Жоламанов.

Оның кінәлі екеніне туғандары да, әріптестері де сенбейді. Расында, бұл іске қатысты сұрақ көп.

 

«ӨЗБЕКТІ МӘПЕЛЕУДІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ»

17 мамырда түнгі сағат 2 шамасында Балықшы ықшамауданындағы наркодиспансерге полиция қызметкерлерінің айтуынша көшеде төбелесіп жүрген жерінен ұстап алған 48 жастағы Өзбекстан азаматын мас күйде жеткізеді. Санитар Дәурен Жоламанов сол күні кезекшілікте болған. Әкелген науқасты қабылдап, жағдайын тексеріп шықты. Полиция қызметкерлері асығыс болып, масаң дәрежесін тексермей-ақ қоюды өтініп, өздерінің қағаздарына шетел азаматын орта дәрежедегі мас күйде деп жазып алады. Дәурен оның дене жарақатының іздері мен ісіп кеткен жерлерін байқап, жазып алуға жұмыстанғанда, полиция қызметкерлері оған: «Мына өзбекті не мәпелеп отырсың?» деді. Үш сағат өткеннен кейін Өзбекстан азаматы аз-мұз сауықты, сосын полиция оны кері алып кетті. Содан кейін гастарбайтерді ешкім көрген жоқ.

- Полиция қызметкерлері баламды әдейі осы іске қатысты деп айыптап отыр, - дейді Нұргүл Магулова. – Өзбекті наркодиспансерден алып кеткеннен  екі күннен кейін қайтыс болды. Екі күн бойы кімнің не істегенін қайдан білеміз?

Анасының айтуынша, полиция наркологияға өзбекті дене жарақатымен әкелген.

- Ол шешініп жатқанда, ұлым оның дене жарақаттарын байқайды. Оны кім ұрғанын полиция неге анықтамаған? – дейді ашынған әйел.

 

СИЗОДАН ХАТ

Әуел баста Дәурен бұл іс бойынша куәгер ретінде қатысады. Жарты жылдан кейін, 1 қазанда, ол куәгерден күдіктіге айналып, қамауға алынады. СИЗО-дан Дәурен туыстарына полиция қызметкерлері оны қалай қинағанын: беті көгермес үшін шапалақпен ұрып, бүйрек пен аяқтан ұрғанын баяндаған хат жолдайды.

«Полиция әкемнің таксист екенін біледі. Егер мен қылмысты өз мойнынма алмасам, әкемнің қалтасына есірткі салып жібереміз деп қорқытты. Анама да оңай болмайтынын айтты. Содан кейін олар менің бүйрегім мен аяқтарымнан ұрды. Маған не болатынын білмеймін, қорқып отырмын. Апа, менің жазығым жоқ!» - деп жазды Дәурен.

Бұдан кейін оның анасы мен әпкесі полиция қызметкерлерінің үстінен облыстық прокуратураға арызданады.

- Біз облпрокуратураға барып, полиция қызметкерлерінің менің ағамды соққыға жыққаны туралы айтып, оның үстіндегі дене жарақатын анықтап беруді сұрап, өтініш бердік. Тоқтар есімді прокурор демалыс күнге тап келдіңіздер, дүйсенбі күні тексереміз деді. Бірақ дүйсенбі күні де ағамды тексеруге барған ешкім болмады. Сонда әділдік қайда? – дейді Дәуреннің әпкесі.

 

Дәурен Жоламановтың хаты

ӘРІПТЕСТЕРІ ДӘУРЕННІҢ КІНӘЛІ ЕКЕНІНЕ СЕНБЕЙДІ

Бұл жағдай орталықтағы қызметкерлерді де біраз есеңгіретіп тастаған. Дәурен санитар болып былтыр ғана жұмысқа қабылданған.  Қызметіне адал екенін алға тартқан әріптестері бұған сене алар емес.

- Өзі сондай мейірімді, сабырлы жігіт.  Жұмысына ұқыпты. Ешкіммен сөзге келмейтін. Біздерге мас күйде адамдар келгенде, ашу шақырып жатады. Мұндайда оның ашуланып, қол көтергенін көрген емеспіз. Өз басым ол балаға сенемін. Ұжымдастары да солай ойлайды, - дейді Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Жеңіс МҰХЛИСОВ. 

Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнәзира МҰХТАРОВАНЫҢ айтуынша, жинақталған құжаттар негізінде қылмысқа күдікті наркодиспансердің қызметкері екі ай мерзімге қамаққа алынды.

- Қылмысқа күдікті 1996 жылғы қала тұрғынына қатысты ҚР ҚК 106 бабы «Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша тергеу әрекеттері толықтай аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданатын болады, - деп хабарлады Мұхтарова.

Дәуренді соққыға жыққаны туралы факті тексеріле ме деген «АЖ» сауалына ПД жауап берген жоқ.

Нұргүл МАГУЛОВА, Дәурен Жоламановтың анасы

 

ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЖЕТОНЫ НЕГЕ ТҮСІРМЕГЕН?

Дәуреннің анасының айтуынша, 1 қазанда тергеушілер оған полицияға келіп, құжатқа  қол қойып кетуің керек деп алдап шақыртып, қамауға алған. Өзіне жала жабылатынын сезген Дәурен полицияға бармас бұрын бейнежазба қалдырыпты.

- Мен полицейлерден жетондарындағы бейнежазба қайда деп сұрадым. Сол өзбекті әкелген күні техникалық ақауға байланысты бейнежазба жазылмай қалды деп жауап берді. Неге дәл сол күні жасамай қалды? Маған көмек керек. Осы жағдайдың қайтадан тергелуін сұраймын. Мен адам өлтірген жоқпын. Мені әдейі кінәлі етіп отыр, - деп мәлімдеді бейнежазбада Дәурен Жоламанов.

Оның жақын туыстары бұл істі егжей-тегжейлі тергеу үшін құқыққорғау органдарына жүгінді. Бостандықта Дәуреннің жүкті қалыңдығы күтіп отыр, олар карантин біткесін той жасаймыз деп жоспарлаған.

«АЖ» осы іс бойынша ҚР Ішкі істер министрі Ерлан ТҰРҒҰМБАЕВҚА ресми сауал жолдады.

Фархат ӘБІЛОВ

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

19 қазан 2020, 11:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.