Атырау, 20 сәуір 16:54
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

​Құрманғазыда шенеунік жол ережесін бұзып, қамауға алынды

4 013 просмотра

Әлеуметтік желіде Құрманғазы ауданы әкімдігінің шенеунігі жасаған жол-көлік оқиғасы туралы хат пайда болды.

Атырау облысы Мемлекеттік қызмет істері департаменті бастығының және полиция департаменті бастығының атына жолдаған үндеуде Құрманғазы ауданы әкімі аппаратының бас маманы Б.К. мас күйінде көлік жүргізіп, Құрманғазы ауданы орталығында жол-көлік оқиғасының орын алуына жол берген. Шенеунік басқа көлікпен соқтығысып, оқиға орнынан қашып, көлігін жеке үйдің ауласында жасырған. Хатта көрсетілгендей, жол-көлік оқиғасы кезінде мемлекеттік қызметкермен бірге көлікте әкімнің кеңесшісі және аудандық әкімдіктің ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бастығы болған. Зардап шеккен жүргізуші аудандық полиция бөліміне арыз жазды, бірақ тергеу барысына көңілі толмай, ПД басшылығынан бұл істі өз бақылауына алуды өтінді.

Бұл оқиғаның орын алғаны туралы ақпаратты анықтау үшін «АЖ» облыстық сотқа сұраныс жіберді. Соттың баспасөз қызметі шенеуніктің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы дерегін растады.

- Құрманғазы аудандық сотының өндірісіне аудан әкімдігі аппаратының бас маманы Б. К.-ға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің  610-баптың 3-бөлігі бойынша ("Көлік құралдары жүргізушілерінің жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтіруге, көлік құралдарының немесе өзге де мүліктің бүлінуіне әкеп соққан бұзушылығы"), 590-бабы 4-бөлігі ("Көрінеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралын басқару") және 612-бабының 3-бөлігі ("Көлік құралын басқару құқығынан айырылған жүргізушінің көлік құралын басқаруы") бойынша үш әкімшілік іс келіп түсті, - деп хабарлады облыстық сотта.

Іс құжаттарына сәйкес, жол-көлік оқиғасы кезінде шенеунік бір ай бұрын жоғалтқан жүргізуші куәлігінсіз «Toyota Fortuner» жол талғамайтын көлігін басқарған.

8 қазанда Сот ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы бойынша Б.К. кінәлі деп танып, оны 10 тәулікке қамауға алды. Басқа екі бап бойынша істерді қарау 19 қазанға жоспарланды. Айта кету керек, сот ісінің құжаттарында шенеуніктің көлікті мас күйінде жүргізу фактісі көрсетілмеген. 

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

16 қазан 2020, 12:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.