Атырау, 3 мамыр 04:58
 ашықВ Атырау +18
$ 443.37
€ 474.49
₽ 4.83

«Әке, бізді жібермеші!». Атырауда ата-анасы ажырасқаннан кейін жасөспірім қыз өзіне-өзі қол салуға тырысты

4 838 просмотра

 

Көрнекі сурет

Отбасындағы жанжалдан кейін өзіне қол жұмсаған 12-жасар қызды Атыраулық дәрігерлер аман алып қалды

6 қазан күні облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне ауыр халде болған жасөспірім қыз жеткізілді. Ол «Аскорутин» таблеткаларын көп мөлшерде қабылдап, өз-өзіне қол жұмсаған. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 105-бабы 1-тармағы («Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу») бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Дулат САБЫРОВТЫҢ айтуынша, қыз көп мөлшерде гипотензивті препараттар қабылдаған (қан қысымын төмендететін – авт.).

- Дәрігерлер науқасты аман алып қалу үшін 12 сағат бойы күресті. Беті бері қарағаннан кейін оны палатаға ауыстырды. Қазір құлан-таза айыққан жасөспірім үйіне шықты, - деді Сабыров.

Бейресми ақпаратқа сәйкес, ажырасқан ата-анасы арасындағы жанжалға байланысты жасөспірім қыз осындай әрекетке барған. Күні бұрын 5 қазанда қасында учаскелік инспектор мен сот орындаушымен бірге анасы 4 баласын әкесінен мәжбүрлеп әкетуге тырысқан. Сот балалардың тұратын жерін анықтап, анасына беруге шешім шығарды. Бұған дейін сот екі жыл әкесімен бірге тұрған балалардың пікіріне сүйене отырып, әкенің пайдасына шешім шығарған. Алайда анасы сот шешіміне қарсы шағымданып, екінші сатыдағы сотта жеңіске жетті.

Сол күні анасы балаларын өзімен бірге алып кете алмады, өйткені олар мүлдем барғысы келмейтінін айтып, әкесін тастап кетуге қарсы болды.

Уланып қалуға бел буған 12 жасар қыз – үйдің үлкені, қалғандары 7-9 жаста және ең кішісі 4-те.

Ал оған дейін, 4 қазанда, дәл осындай жағдай Маңғыстау облысында орын алды. Әлеуметтік желіде кең таралған, анасы балаларын әкеден мәжбүрлеп әкетуге тырысқан бейнежазба көпшіліктің назарына ілігіп, үлкен қоғамдық пікірталас тудырды. 

Айнұр САПАРОВА

16 қазан 2020, 08:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.