Атырау, 3 мамыр 01:13
 ашықВ Атырау +18
$ 443.37
€ 474.49
₽ 4.83

​Атырау облысында «темір адамның» қаңқасы табылды

Сурет
4 912 просмотра

Биыл жазда Атырау облысы Қызылқоға ауданы қорғандарында жүргізген қазба жұмыстары нәтижесінде атыраулық археологтар көне заман жәдігерлерін тапқаны туралы «АЖ» хабарлаған еді. Ең басты олжа – шамаман 2 мың жыл бұрын өмір сүрген сауытты батырдың қаңқасы.

Қорғанда басынан аяғына дейін темір сауыт киген ер адамның қаңқасы және қарулары: семсері, жебе ұштары мен қорамсағы, қорғану қалқаны, ат әбзелдері және тағы да басқа көптеген жәдігерлер табылған.

Бірегей жәдігерлер Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейіне табысталды, онда  олар көпшіліктің назарына ұсынылды.

Қазба жұмыстарында сирек кездесетін көне дүниелерді зерттеу үшін Атырауға Алматыдан суретші, реставратор «Қырым аралы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Қырым АЛТЫНБЕКОВ келіп, көне жәдігерлерді қалпына келтіру туралы мағлұмат берді.  

- Табылып отырған адамды «темір адам» деп атауымызға болады. Өйткені адам мүрдесі басынан аяғына дейін темір сауытпен жабдықталған. Әрі ерекше үлгіде. Соған қарағанда, жауынгер болуы әбден мүмкін. Бізді таңғалдырғаны – темір сауыттың ұрланбай біздің заманымызға дейін сақталғаны. Бұл өте сирек кездесетін жағдай. Қаруы, бірге жерленген аттың сүйектері сақталған. Қазақстанда дәл осы іспеттес тарихи құндылық әлі бірде-бір рет табылған жоқ, - деді Қырым Алтынбеков.

Табылған тарихи құндылыққа жасалатын зерттеу жұмыстары әлі бірнеше жылға созылуы мүмкін. Өйткені рентген және металл іздегіш құрылғылардың көмегімен жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде алтын, күміс, темір, сүйектен жасалған бұйымдардың бар екені анықталған. Антропологиялық, ДНК-лық зерттеулердің қорытындысы бойынша алдағы уақытта мүрденің  бас сүйегі мен сауытын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу де жоспарланып отыр.

- Қазіргі біздің мақсатымыз – осы дүниелерді сақтап, қайта қалпына келтіру, - деді суретші. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

15 қазан 2020, 12:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.