Атырау, 21 желтоқсан 13:54
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Атырау облысының бас санитар дәрігері спортшыларды тыңдап, ойлануға уәде берді

4 156 просмотра

 

14 қазанда Махамбет көшесінің бойында орналасқан Азаматтық орталықта Атырау спорт қауымдастығының өкілдері облыстың бас санитар дәрігерінің секциялар мен фитнес-клубтарды жабу туралы жақында қабылдаған шешіміне өз пікірін білдіру үшін жиналды.

Шағын залда санитариялық ереже талаптарында көрсетілгеннен  гөрі көп адам жиналды. Бірақ спортшылар бөлмеде әр спорт түрі мен әр фитнес-орталықтан бір өкілден қатысады деп өзара келісіп алды. Қалғандары тәртіпті сақтап, сыртқа шықты.

Спортшылармен кездесуге Атырау облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Асылбек ШАРОВ, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Қанат ҒАЙНЕДЕНОВ, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Қанат ӘЗМҰХАНОВ және облыс әкімінің инвестициялар жөніндегі кеңесшісі Қаныш МӘМБЕТОВ келді.

Фитнес-орталықтарының барлық жаттықтырушылары мен жетекшілерінің талабы бірдей болды - неге жұмыс кестесі мен шарттарын түзетпей, мүлдем жабылады деген.

- Балалар қазір гиперактивті, оларға әртүрлі спорт түрлері қажет – жекпе-жек, футбол баскетбол және т.б. Статистика мәліметтері көрсеткендей, балалар коронавируспен өте сирек ауырады, сондықтан мен балалар спорт секцияларына неге жұмыс істеуге тыйым салынатынын түсінбеймін. Ал мейрамхана, кафе, сауналар уақыты шектеулі болса да, жұмыс істеуге рұқсаты бар, - дейді фитнес орталығының өкілі Эдуард ҚАБДЕШЕВ.

Бізге де жұмыс кестесін реттесін, бірақ мүлдем жаппасын. Біз барлық санитариялық-гигиеналық нормаларды сақтай отырып жұмыс істедік, ішті үнемі желдетіп, кварц қойдық, барлығы маска тағып жүр. Қажет болса, талаптарды күшейте аламыз. Бірақ жабудың қажеті жоқ.

Халық бірнеше ай бойы үйде отырды, көбі коронавируспен ауырып, емделіп шықты. Енді оларға иммунитетті қалпына келтіру керек, ол үшін спорттан басқа не көмектесе алады? Біз тыныс алу жаттығуларын жасаймыз, бұл коронавирустың алдын-алу үшін өте маңызды. Екінші мәселе – ФОК-тағы бассейндер жұмыс істейді, неге сауықтыру және фитнес орталықтарындағы жүзу бассейндерінің қызметіне рұқсат беруге болмайды? - деп сұрады сауықтыру орталығының өкілі Сәуле ЕРНИЯЗОВА.

Барлық қатысушылардың айтуынша, балаларға қиын. Мектептің сабақтары қашықтан өткізіледі, енді спорт секциялары жабылуда – ал олар қайда, қалай шынығады, бойындағы тасыған күш-қуатты сыртқа шығару керек қой. Нәтижесінде балалар күні бойы интернетте отырады, миопия, сколиоз аурулары дамиды, артық салмақ пайда болады. Жаттықтырушылардың бірі ашуланып президиумға жүгінді:

- Мен өмір бойы спортпен шұғылданамын, жеке аулам бар, ұлдарыммен таза ауада жаттығу жасауға уақыт пен мүмкіндігім бар. Ал, сіздер өз балаларыңызға уақыт табасыздар ма?

Карантин шараларын күшейту бүкіл елде емес, тек белгілі бір өңірлерде жүзеге асырылып жатыр. Жаттықтырушылардың айтуынша, Қазақстанда республикалық жарыстар өткізілуде, бірақ біздің спортшылар енді онда қатыса алмайды.

– Жасөспірімдер мен ересектерді офлайн режимде жаттықтыру нұсқасын қарастыруға болады, ал балалар қашықтан шұғылдансын, - деп өз ұсынысын білдірді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат ИБРАГИМОВ.

Бас санитар дәрігер өз шешімін тағы бір мәрте түсіндірді: спортпен шұғылдану кезінде бетперде кию мүмкін емес – адамдардың қозғалысы көбейеді, әдеттегіден тереңірек тыныстайды, осылайша инфекция жұқтыру қаупі артады, өйткені коронавирус ауа арқылы тарайды. Дегенмен, ол қазіргі жағдайда спорт секциялары, клубтар және фитнес-орталықтардың жұмысы бойынша спортшылардың ұсыныстарын қарауға және мүмкіндігінше карантин талабын жеңілдетуге дайын екенін айтты. Нәтижесінде, спортшылар өз ұсыныстары белгіленген тізім жасайтын болып шешті, оны тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бірден қарайды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА 

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

15 қазан 2020, 12:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.