10 қыркүйекте Атырау облысында «Бекіре-2020» жедел алдын алу іс-шарасының күзгі науқаны басталды.
Полицияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, 9 қазанға дейін 121 бұзушылықты анықтады, оның ішінде 117 заңсыз балық аулау ережелерін бұзу, 4 балық және балық өнімдерін заңсыз тасымалдау фактілері бар.
125 құқық бұзушы ұсталып, олардан 1 тонна 784 кг балық алынды, оның көбі бекіре тұқымдас. 2 кг қара уылдырық, 117 аулау құралдары және 8 жүзу құралы тәркіленді.
- Каспий теңізінің жағалауында, Исатай ауданы Жанбай ауылының маңында, тікұшақпен бақылау барысында әрқайсысында 250 а/к екі аспалы моторы бар 6 қайық табылды, тіркеу нөмірлері болмағасын мән-жайды анықтау үшін тәркіленді.
Сонымен қатар, құқық бұзушыларға қатысты 8 қылмыстық іс қозғалды: 4 – ҚР ҚК 335 бабы бойынша («Балық ресурстарын заңсыз өндіру»); 4 – ҚР ҚК 339 бабы бойынша («Өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерімен заңсыз айналысу»), - деді Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Қамза ҮМБЕТҚАЛИЕВ.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА