Атырау, 2 мамыр 19:59
 ашықВ Атырау +11
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

ПД басшысы Оралдың трассасын 7 метрден 15 метрге дейін кеңейтуді ұсынды

4 379 просмотра

Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев облыста республикалық маңызы бар жолдардың жартысынан көбі  бүлінгенін айтып, 4 жолақты жол салуды ұсынды.

Атырау облысында республикалық маңызы бар 1120 шақырым жол, 878 шақырым – облыстық және 1177 шақырым жолдың аудандық маңызы бар. Тексеру нәтижесі көрсеткендей, бұл жолдардың 605 шақырымы (немесе 54%) қанағаттанарлықсыз күйде. 314 шақырым жолдың (немесе 28%) жағдайы «қанағаттанарлық» деп бағаланды. 

- 2006 жылы пайдалануға берілген Атырау – Орал бағытындағы тас жолда 2014 жылдан бастап түрлі учаскелерде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Алайда, жөндеу жұмыстарының сапасы нашар. Сондай-ақ, жолда көлікті көтеріп қарау эстакадасы, көлік жүргізушілері демалатын арнайы орындар жоқ. Нәтижесінде, түнде демалатын жүргізушілер көліктерін жол жиегінде қалдыруға мәжбүр, ал бұл өте қауіпті, - дейді Үмбетқалиев. 

Бұдан басқа, ол республикалық маңызы бар Махамбет-Х.Ерғалиев автожолының 45 шақырымдық учаскесі нашар және Құлсары мен Мұқыр  арасындағы жол трассасына (136 км), сондай-ақ, негізгі учаскелерді салу, жөндеу кезеңінде пайдаланылатын айналма жолдарға тиісті күтім жасалмайтынына қатысушылардың назарын аударды. Оның айтуынша, Астрахань тас жолының бойында салынып жатқан жол, "Сағыз – Жамансор" және "16 - разъезд - Исатай станциясы" учаскелерінде орналасқан айналма жолдардың сапасы нашар. 

Статистика мәліметтеріне сүйенсек, осы жылдың басынан бері республикалық маңызы бар автожолдарда 21 ЖКО орын алды, онда 19 адам қаза тауып, 29 адам әр түрлі дәрежелі жарақат алды. Бұл ретте жол-көлік оқиғаларының басты себептерінің бірі – жолдың тарлығы. Адам өлімімен аяқталған әрбір үшінші ЖКО көліктің қарсы қозғалыс жолағына шығу салдарынан болады. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар жолдар III-IV санатқа жатады, яғни ені 6-7 метр. 

- Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мына автожолдарды 15 метрге дейін кеңейтуге ұсыныс беремін: Атырау – Орал; Атырау – Аққыстау; Атырау – Доссор;  Доссор – Құлсары – Бейнеу. Бұл ретте көрсетілген жолдың ортасын бөлгіш бетон жолағымен жабдықтап, 4 жолақты қозғалыс ұйымдастырып, кейін I санатқа ауыстыру керек, - деп ұсынды Қамза Үмбетқалиев.

Бұдан басқа, Махамбет кенті мен  Х.Ерғалиев ауылы арасындағы, сондай-ақ Құлсары қаласы мен Мұқыр кенті арасындағы жолдарды қайта қалпына келтіруді, жол төсемінің енін кемінде 8 метрге жеткізіп, II санатқа ауыстыруды ұсынды.

Дайындаған Фархат ӘБІЛОВ

15 қазан 2020, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.