«АЖ»-да жарияланған Атырауда маусым айынан бері 170 жаңа автобустың қаңтарылып тұрғаны туралы мақаладан кейін, жергілікті жолаушы тасымалдаушылары журналистермен кездесті. Кездесудің мақсаты 170 автобус туралы қосымша ақпарат беру болғанымен, тасымалдаушылар болған жағдайға қала әкімі Қайрат ОРАЗБАЕВТЫҢ қатысы жоқ деп мәлімдеді. Естеріңізге салсақ, ақпан айында ол газ құю кешенінің құрылысын қала өз құзыретіне алады деп уәде берген еді.
- Біздің ЖШС Yutong ZK маркалы 170 автобусты сатып алу үшін «БРК-Лизинг» АҚ-мен 7,5 миллиард теңгеге қаржылық лизинг келісімшартына отырған еді. Бұл қаржы автопарк пайдасының есебінен жеті жыл ішінде қайтарылады. Жаңа автобустардың моделіне байланысты техникалық сипаттамасы әртүрлі – 20 жолаушылар орнынан 53 орынға дейін, салқындату және жылыту жүйесі, бейнебақылау камералары, пандус және т.б. бар. Бәрі метан газы арқылы жұмыс істейді, - дейді «Akzhaiyk Avtopark» ЖШС директоры Болат БУШАНОВ.
Оның айтуынша, бұл автобустар толық жеткізілмейінше, «жұмыстың орындалуы жөніндегі» актке қол қоя алмайды екен. Ал олар лек-легімен жеткізілді, оған қоса карантин шектеулері кедергі болды.
- Автобустардың соңғы легі 24 қыркүйекте келді. Метан газын құю кешенінің құрылысы да пандемияға байланысты тұрып қалды. Сондықтан бұл жерде әкімдіктің кінәсі жоқ, - дейді Бушанов.
Оның айтуынша, көлікке газ құю кешенінің құрылысын қарашаның соңына дейін аяқтау жоспарланған (нысан «Akzhaiyk Avtopark» аумағында орналасқан) – автобустар да сол кезде желіге шығарылады.
- Атырау үшін қосымша 170 автобус көп емес пе?
- Жоқ. Қаламызда жаңа ықшамаудандар салынып, жолаушылар ағыны да өсіп келеді. Сол себепті бұл автобустар керек, - деді Бушанов.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор