Нұрсая ықшамауданының тұрғыны отбасында өз күйеуінің үнемі жанжал тудыруына қатысты полицияға жыл басынан бері 15 рет шағымданған. «102»-ге ол тек амалсыздан, тығырыққа тірелген кезде қоңырау шалған.
Әйел 31 жаста, күйеуі одан үш жас үлкен. Отбасында қалыпты өмір сүру үшін жолдасының ішімдікке және жанжалдасуға құмарлығы кедергі болып тұр. Ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы («Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер») бойынша 5 рет әкімшілік хаттама толтырылды. Ол үш рет 5 күндік әкімшілік қамауға алынып, екі рет әйелі оған сотта кешірім берді, ал басқа кезде өтінішін кері қайтарып алған.
- Атырауда соңғы айдың өзінде ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша 76 әкімшілік хаттама толтырылып, 256 қорғау ұйғарымы жазылды. 40 тәртіп бұзушыға қатысты сот үш айдан бір жылға дейінгі мерзімге «мінез-құлқына ерекше талап» белгіледі, - деп атап өтті Атырау облысы ПД баспасөз қызметі.
Құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу - бұл оған қатысты бірқатар тыйымдарды білдіреді: атап айтқанда, ол тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанымен байланысқа түспеуі және алкогольді ішімдікті пайдаланбауы тиіс.
Жыл басынан бері қалалық полиция басқармасының «102» телефон нөміріне отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясында шағымданған 1000-нан астам қоңырау келіп түсті.
Зульфия ИСКАЛИЕВА