Атырау, 22 желтоқсан 17:20
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 517.66
€ 606.49
₽ 6.44

Атыраудағы ескі қоқыс аймағын жаңа екі қоқыс полигонына көшіреді

3 355 рет қаралды

Атырауда жаңа қоқыс полигонын салу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа Астрахань бағытындағы трасса бойымен қаладан 18 шақырым жерде 50 гектар жер телімі бөлінген. Қалалық әкімдікте хабарлағандай, жобада қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдау аймағы, оны сұрыптау, қайта өңдеу және жою орындары қарастырылған.

- Қалдықтар қалай жойылады? – деп сұрадық біз қала әкімінің орынбасары Ринат ЖАНГЛЫШЕВТАН. Оның айтуынша, қалдықтар жабық жерде жылу энергиясын өндіру мүмкіндігін беретін арнайы технология бойынша өртенеді.

Жобалық-сметалық құжаты мемлекеттік сараптамадан өткізуге жіберілді. Жобаның тапсырыс берушісі қалалық құрылыс бөлімі, ал орындаушы – «Poligram» ЖШС. Құрылыс 2021 жылға жоспарланды.

ҚТҚ полигоны құрылысының жобалау-сметалық құжатын әзірлеуге 2016 жылы тендер жарияланған. Оны «Poligram» ЖШС жеңіп алып, сол жылы құжатты әзірледі. Біз «Poligram» ЖШС бастығының орынбасары Ғаділбек БАЯЗИТОВКЕ жолықтық. Оның айтуынша, жобаның ЖСҚ дайындауға қалалық бюджеттен 62,5 миллион теңге бөлінген.

- 2016 жылы жоба мемлекеттік сараптамадан өтпей қалды, себебі тапсырыс беруші нысанның алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуі қажет болды. Негіздеме дайын болмағасын, мемлекеттік сараптамаға жобаны қабылдамады, - дейді Баязитов. – Жоба бойынша бұл нысан жеке инвестордың қаражатына салынады.    

Айта кету керек, құрылысты кім жүргізетіні әзірге белгісіз. Ал «Арнаулы автобаза» ЖШС баспасөз қызметінің берген ақпараты бойынша, жаңа қоқыс полигонын тапсырғаннан кейін аумағы 35 га болатын ескі қоқыс алаңы жойылады. Алмалы ауылдық округіне қарасты Береке ауылында орналасқан бұл алаң 1977 жылдан бері пайдаланылып келеді. Ол жерге күніне 300-350 тонна қатты тұрмыстық қалдық жеткізіледі. Қазір онда 3 млн тонна қоқыс қалдығы жиналған.

Жақында облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек БЕКМҰХАМЕТОВ  әбден тозығы жеткен ол жерде оқтын-оқтын қалдықтар жанатынын айтты. Айтпақшы, биыл қала әкімдігі ескі қоқыс полигонын «Арнаулы автобаза» ЖШС-не кейіннен сатып алу құқығынсыз 5 жылға сенімгерлік басқаруға берді. Келісімшарт бойынша «Арнаулы автобаза» жыл сайын полигон қызметінен түсетін пайда есебінен 5 пайызды қалалық бюджетке аударып отырады.

ҚТҚ сұрыптау, қайта өңдеу және жою полигоны, яғни қалдықтарды басқару кешеніне қатысты  екінші жобаны «ПРОМЭКОЛОГИЯ» ЖШС әзірлеген. Нысанды Қайыршақты ауылдық округі аумағында салу жоспарланған. Қазір 30 га жердің құжаты ресімделуде. Қала әкімдігі хабарлағандай, жобаның құны 1 млрд теңге.

- Олар қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеп, полиэтилен құтыларын, картон, текстиль, полиэтилен, түрлі қаптамалар өндіреді. Медициналық қалдықтар арнайы крематорийде өртенеді, - деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметінде. 

Айнұр САПАРОВА

12 қазан 2020, 10:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.