Атырау, 25 сәуір 22:37
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Атырау: шенеунік кәсібін жұбайына тіркей алады, дегенмен әлі де мәселе бар

3 578 просмотра

Атырау облысында 184 мемлекеттік қызметшінің жұбайы кәсіпкерлік қызметпен айналысады. Мемлекеттік қызмет істері департаментінің мамандары Әдеп жөніндегі кеңес отырысы кезінде осындай цифрды атады. Бірақ мұның қылмыс болуы міндетті емес.

Атап айтқанда, бұлар - қазынашылық департаментінің 20 қызметкерінің, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының 19 қызметкерінің, Атырау қалалық әкімдігі аппаратының 17 қызметкерінің, Құрманғазы аудандық әкімдігінің 17 қызметкерінің, Қызылқоға аудандық әкімдігінің 15 қызметкерінің жұбайлары.

Мемлекеттік қызмет істері басқармасының бастығы Салауат МУКСИМОВ мемлекеттік қызметкерлердің жақын туыстары заңды түрде кәсіпкерлікпен айналысуға құқылы екенін түсіндірді. Ал мұның қалай болғанда да күмәнді болып көрінері басқа мәселе.

- Мемлекеттік қызметкерлердің жұбайларының бизнесі бар екенін жүргізілген талдау көрсетіп отыр. Біз әріптестерімізден, мемлекеттік органдардың басшыларынан болашақта мемлекеттік сатып алуды немесе басқа да конкурстық ресімдерді жүзеге асыру кезінде, ауыл шаруашылығын субсидиялауда мүдделер қайшылығын болдырмау үшін бақылауда ұстауды сұраймыз, - деді Муксимов. - Әзірге бұл талдау алдын алу сипатында және ол биыл бірінші рет жүргізілді. Бірақ енді ол жүйелі түрде жыл сайын жүргізілетін болады. Әкімдердің кәсіпкерлермен туыстық байланысы бар екенін, шаруа қожалықтары үшін субсидияларды және қандай да болмасын жеңілдіктерді мақұлдау мәселесі солар арқылы шешілетінін түсінесіздер ғой. Бұл жерде «артықшылықтар» болмау үшін барлық шараларды алған жөн. Әйтпесе, шенеуніктер өздігінен бас тартуы керек. Сондықтан біз осындай ақпарат ұсынып отырмыз, бұл сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетеді деп үміттенеміз.

Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе - қолданыстағы бизнесті мемлекеттік қызметке тағайындалғаннан кейін сенімгерлік басқаруға беру. «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» Заңының талаптарына сәйкес, күнтізбелік отыз күн ішінде өз меншігіндегі, жарғылық капиталындағы үлестерді, акцияларды және пайдаланылуы кірістер алуға әкелетін өзге де мүлікті мемлекеттік қызметті өткеру уақытында сенімгерлік басқаруға беруге міндетті».

Департамент жүргізген талдау нәтижесі бойынша Атырау облысында 11 мемлекеттік қызметшінің ЖК, ЖШС және шаруа қожалықтары бар екендігі анықталды. Олардың жетеуі өз бизнесін сенімгерлік басқаруға тапсырған, ал 4-еуі өткізбеген: Қызылқоға ауданы әкімдігінде - 3 және Махамбет ауданының әділет басқармасында - 1.

- Облыстағы бүкіл мемлекеттік қызметкер туралы дерек жиналды, бұл шамамен 6 мың адам. Жоғарыда аталған 4 фактіге келер болсақ, мемлекеттік қызметкерлер мұны жасырған, өйткені кадр қызметі бұл туралы білмеген, оның құзырында нотариаттық келісім болмаған. Әрине, осы мемлекеттік қызметкерлерді жұмыстан шығару туралы мәселе туындап отыр, - деді Муксимов.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

9 қазан 2020, 11:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.