Атырау, 27 сәуір 05:43
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Рөлі ауыстырылған армяндық көліктерді енді Атыраудан тексертуге болады

Сурет Бейнежазба
3 709 просмотра

Рөлі ауыстырылған армяндық көліктерді тіркеу үшін сынақ хаттамасын енді Атыраудан алуға болады. 7 қазанда мұнда «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ филиалы ашылды.

Географиялық жағдайына байланысты Атырау облысы Армениядан әкелінген көліктер саны бойынша Қазақстанда көш бастап тұр.

- Атырауға барлығы 7 мыңға жуық «армян» көліктері кірді, оның ішінде 2263-і оң жақ рөлді, олардың 70-80%-ының Арменияда немесе осы жерде оң жақ рөлі сол жағына ауыстырылған. Осыған байланысты көлік иелерінде Сауда және интеграция министрлігінің аккредиттелген зертханасы берген көліктің қозғалысқа қауіпсіз екендігі туралы анықтамасы болуы керек. Бұрын мұндай зертхана елімізде тек екі - Алматы мен Қостанай қаласында болды. Қыркүйек айында Орал қаласында үшіншісі ашылып, біздің көлік иелері сол жаққа бара бастады. Енді олар Атыраудан сынақ хаттамасын тапсыра алады, - дейді Атырау облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Мырзәлі ӨТЕҒАЛИЕВ.

Көлік құралдарын сынау процедурасы екі кезеңде жүргізіледі. Біріншісіне 30 минут уақыт кетеді, бағасы - 3 мың теңге. Тексеруден кейін көлік иесіне ақаулық тізімдемесі беріледі. Ол анықталған ақауларды жоюы керек, содан кейін ғана екінші сынаққа барады. Көлікті әртүрлі құрылғылардың көмегімен тексеру 25 мың теңге болады. Содан кейін көлік құралы құрылымының қауіпсіздігі туралы куәлік беріледі. Бұл тіркеуге негіз болады.

- Көлік иесі өз машинасына сенімді болса, бірінші кезеңді айналып өтіп, бірден негізгі сынаққа бара алады. Алайда, рөлі ауыстырылған бүкіл армяндық көліктің техникалық нормалары мен стандарттары сақталмай, қолдан ауыстырылатынын тәжірибемнен білемін. Бұл дегеніміз міндетті түрде бүкіл кемшілік анықталып, көлік иесіне техникалық қызмет көрсету орнына барып, ақауды жөндетіп, қайтадан 25 мың теңгені төлеуіне тура келеді деген сөз, - дейді «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ филиалының басшысы Нұрлан ОРЫНБАЕВ.

Оның айтуынша, жергілікті зертхана жанында Маңғыстау облысында осындай жұмысты бастаған жылжымалы пункт те аккредиттелген. Осылайша, біздің филиал екі облыс бойынша жұмыс істейді.

Зертхана тәулігіне 20-25 машинаны тексеруге арналған. Рас, мен алғашқы күні машиналардың көп келгенін байқамадым.

- Себебі, 2 қыркүйекте Қазақстанға Армениядан әкелінген көліктерді тіркеу мерзімі келесі жылдың 1 наурызына дейін ұзартылды. Біздің адамдар бәрін соңғы сәтте жасауға дағдыланған. Тамызға дейін күніне әрі кеткенде 15 адамға дейін келді, алайда біз мамандандырылған ХҚКО-ның оларға ерекше жағдай жасап, тіпті демалыс күндері де жұмыс істейтінін хабарладық. Есесіне жаздың соңғы айында нағыз дүрбелең басталды, күніне 150 адамға дейін келді, - дейді М. Өтеғалиев.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттерді түсірген автор, «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ АФ ұсынған бейнежазба

8 қазан 2020, 11:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.