Атырау, 26 сәуір 08:19
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Баха еліне жетті

2 724 просмотра
Бобораджаб ДЖАВЛИЕВ

Атырауда адасып қалып қойған Тәжікстан азаматы Бобораджаб Джавлиев 19 жылдан кейін өзінің туған жері Душанбеге  қайта оралды. Бұл ұзақ жол болды. Айта кету керек, оған қала тұрғыны Леонид ДЕМЯШЕВТІҢ зор көмегі тиді.

Естеріңізде болса, оны көшеде соққыға жығылып, ес-түссіз жатқан жерінен еш құжатсыз тауып алғаннан кейін Леонид паналатып, емделуіне жәрдемдесті.  Кейін оның есіне кейбір нәрселер түсе бастады. Леонид БАҚ арқылы оның туыстарын іздестірді. Сөйтіп, оның ағайындарынан хабар келді.

Біз жариялаған мақаладан кейін Атырау полициясы оның құжаттарын қалпына келтіруге жұмыстанып, Джавлиевтің жеке тұлғасы мен азаматтығын  анықтау үшін Алматыдағы Тәжікстанның Бас консулдығына сұраныс жолдайды. Көп кешікпей, Нұр-Сұлтандағы Тәжікстан Республикасының елшілігінен Леонид  Демяшевке хабарласып, оны Нұр-Сұлтан-Душанбе әуе рейсіне отырғызып жіберу үшін астанаға жеткізуін өтінеді. Бірақ ол кезде карантин шектеулерінен астанаға жету мүмкін болмады. Карантин шарттары жеңілдегеннен кейін елшіліктен Леонидке тағы хабар келіп, Бобораджабты 29 қыркүйекте Душанбеге ұшатын ұшаққа үлгеру үшін енді Алматыға жеткізуге өтініш білдіреді. Леонид Алматыға поезға билет алып, 25 қыркүйекте жолсерікке мықтап тапсырып, шығарып салады. Алайда, Леонидтің айтуы бойынша, 29 қыркүйекте Алматыдағы халықаралық әуежайда шекарашылар оның құжатынан қате тауып, тоқтатып алған. Құжаттары түзетілгеннен кейін оны Түркістан облысы мен Өзбекстан шекарасы арқылы Тәжікстан жеріне жеткізді. Түркістанға дейін поезбен жеткен, ал Өзбекстанмен шекарада оны Тәжікстан азаматтарын шекарадан алып шығатын автобус күтіп тұрды.

Бобораджаб Душанбеге 3 қазан күні жетіп, карантинге жабылды. Бұл туралы «АЖ»-ға Душанбеде оның отбасымен көрші тұратын орыс тілін білетін Максим ҚҰРБАНОВ хабарлады. Ал, ағайындарымен тілдесуге мүмкін болмады.

Максимның айтуынша, 5 қазан күні кеште Бобораджабқа үйіне баруға рұқсат беріліп, туыстары оны күтіп алуға кеткен.

Біз Максимнен Бобораджаб туралы айтып беруді  өтіндік.

- Бобораджабтың екі ұлы бар, екеуі де ер жеткен. Үлкен ұлы мүгедек, кішісі – әскерде, - дейді Максим. -  Оның 7 бауыры мен 3 апасы бар. 2001 жылы шетелге табыс табуға шығып кеткен, 2013 жылға дейін сөйлесіп тұрды, содан кейін хабарсыз кетті. Енді туғандары оны күтіп алуға кетті. Қуаныштарында шек жоқ! 

Айнұр САПАРОВА

6 қазан 2020, 09:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.