Атырау, 19 сәуір 13:17
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

​Нәрестенің өліміне қатысты іс: «Холодильникті олар әлі көрген жоқ қой? - Ашып жатыр»​

3 831 просмотра

«Нәрестенің өлімі туралы іс» бойынша кезекті сот отырысында айыптаушы тараптың негізгі дәлелдерінің бірі - Қуаныш НЫСАНБАЕВТЫҢ әріптестерімен телефон арқылы сөйлескен құпия аудиожазбалары тыңдалды.

Жазбалардың бірінде Нысанбаев денсаулық сақтау басқармасының сол кездегі басшысы Мәншүк АЙМҰРЗИЕВАҒА қоңырау шалып, оған перинаталды орталыққа сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлердің келгенін хабарлайды. Аймұрзиева мұны ақшаға байланысты шығар деп ойлап, кабинетте ондай ештеңе жоқ па деп сұрайды. Екінші жазбада оған адвокат табуды ұсынады.

Келесі аудиожазбада Нысанбаев перинаталды орталықтың акушер-гинекологы Мақсат ТУҒАНБАЕВТАН ол жақта не болып жатқанын сұрайды. Туғанбаев прокуратура қызметкерлері келгенін, 5 қабатта акушер-гинеколог Асқар ҚАЙЫРЖАНДЫ бұрышқа тығып, бейнекамераға түсіріп жатқандарын айтады.

Нысанбаев:

- Неге? Бала қайда? – деп сұрайды.  

Азғана үзілістен кейін Туғанбаев тексерушілердің жанында тұрғанын, баланың қайда екенін білмейтінін айтады. Содан кейін Нысанбаев бала өлді ме деп сұрайды, теріс жауап алған соң, егер мүмкіндік болса, сәбиді тезірек алып, балалар бөлімінің жан сақтау бөлімшесіне жіберу керек дейді абыржып.

Келесі жазбада акушер-гинеколог Назара САМИЯНОВА Нысанбаевтан перинаталды орталыққа «келе жатырсыз ба?» деп сұрайды. Содан кейін ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлері Нұржамал ТҰРЫМБЕТОВАНЫҢ 26 апталық нәрестесіне қатысты келіп, оны шақыруды өтінгенін хабарлайды.

Нысанбаев оған да Туғанбаевқа қойған сұрақты қойды:

- Бала қайда?

Самиянова:

- Баланы холодильникке салып қойған, бірақ бала демалып тұрды кішкене.

- Қазір демалып тұрған жоқ па?

- Дем алып тұрған сияқты әлі.

- Холодильникті көрген жоқ қой олар әлі?

- Ашып жатыр.

- Қалай ашып жатыр? Да ну...

Сонымен әңгіме бітеді.

Осы оқиғадан бұрын болған Нысанбаев пен Асқар Қайыржанның арасындағы әңгіме тыңдалды. Қайыржан оған мәйітханаға жіберейін деп жатқан нәрестенің қимылдап жатқанын айтады. Енді не істеу керектігін сұрайды.

- Бәрібір не жилец қой, брат, - дейді оған Нысанбаев.

Қайыржан солай екенін білетінін айтып, «жыбырлаған баланы мәйітханаға қалай апарасың ал?», деп тағы да сұрайды.

- Утром отправь, какие проблемы? – дейді Нысанбаев.

- Түнде алмайды деп пе, морозильникке салып қояйық па, не?

- Енді не істейсің?

- Құдайдың өзі кешірсін.

Содан соң Қайыржан Света апаның бала жыбырлап жатыр дегенін, оның өзі бұған көз жеткізгенін, Жәмила апаның мынаны не істеймін деп, сасқалақтап жатқанын айтады. «Света апа» – куәгер, санитарка Светлана КОЗЛОВА, ал «Жәмила апа» – сотталушы, акушер Жәмила ҚҰЛБАТЫРОВА.

Қайыржан Нысанбаевтан егер туыстары «разборкаға келіп жатса не істейміз бала қайда деп, моргке барса онда да жоқ қой?» деп сұрайды.

Нысанбаев суға салып қойса не болады дейді. Қайыржан оған «Ертең вскрытие болғанда білініп қалмай ма?» деп сұрайды. Осы кезде Нысанбаевтың дауысынан оның абыржып тұрғаны сезіледі, содан соң «бала кәдімгідей жыбырлап жатыр ма?» деп қайта нақтылап сұрайды.

- Иә, иә, вроде как мертвый, бірақ қол-аяғын жыбырлатып жатыр, - дейді Қайыржан.

Содан кейін Нысанбаев егер бірдеңе болып жатса, әйелдің туыстарына сәбидің денесін мәйітханаға «түннің бір уағында емес, таңертең жібереміз деп айтасың ғой» дейді. Осымен әңгіме аяқталады.


ОРДИНАТОР БӨЛМЕСІНДЕ НЕ АЙТЫЛДЫ?

Куәгер Саяминованың Нысанбаевпен әңгімесін тыңдағаннан кейін судья Гүлмира ДӘУЛЕТОВА одан Тұрымбетованың жаңа туған сәбиі туралы білесіз бе және телефон арқылы Нысанбаевқа неге ол дем алып жатыр деп айттыңыз, деп сұрады. Самиянова бұл туралы кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлерден білдім деп жауап берді.

Оның айтуынша, олар тоңазытқышқа тыныс алып жатқан тірі нәрестені салып қойғанын түсіндіріп, Нысанбаевты шақыруды өтінген.

- Мен Нысанбаевқа қызметкерлердің әңгімесінен ұққанымды жеткіздім, - деді Самиянова. Жаңа туған сәбидің өзін бұған дейін көрмегенін, ал жүкті әйел туралы дерекқордан білгенін айтты. Содан соң көзінше жемқорлыққа қарсы қызметкерлердің 5-қабатта, яғни, перинаталды орталықтың босандыру бөлімінде Асқарға қолкісен салғанын баяндады.

Осы жерде Қайыржан Самиянованың сол кезде куәгер ретінде тартылғанын, бәрін анық көргенін судьяға айтты, ал сотта жауап алынған тергеушілер мұны жоққа шығарды.

Қайыржанның адвокаты Бақберген АЙТМАМБЕТОВ ұстау хаттамасында түнгі уақыт - 01.00 деп көрсетілгенін, алайда оның қорғалушысы мен Самиянованың айғақтары бойынша ұстау уақыты шамамен 21.30-да болған, яғни жемқорлыққа қарсы қызметкерлер перинаталды орталыққа келген кезде болғанын атап өтті.

Келесі куәгер, акушер-гинеколог Мақсат Туғанбаев Қайыржанның «қолыма қалай кісен салынғанын көрдің бе?» деген сұрағына оны қалай ұстағанын есінде екенін, бірақ қолына кісен салынған ба, жоқ па, есінде жоқ екенін айтып, жауап берді.

Прокурор Магомед ЕСЕНБОЛАТОВ судьядан Туғанбаевтың Нысанбаевпен әңгімесін тағы бір рет тыңдауға рұқсат беруін және біраз уақыт бұрын баланың тірі болғандығы туралы ақпаратты қайдан білгенін сұрады. Туғанбаев бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлерден естідім, деп жауап берді. Ал Нысанбаевқа осы кезде видеоға түсіріп жатқан Қайыржанның өтінішімен шақыру үшін қоңырау шалғанын айтты.

Өз кезегінде Нысанбаев судьядан Туғанбаев пен сотқа куәгер ретінде шақырылған облыстық перинаталды орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Қазбек ЕРМАҒАМБЕТОВКЕ Қайыржан, Құлбатырова, Ермағамбетов пен Туғанбаевтың ординаторлық бөлмеден онымен бірге шыққаны көрінетін бақылау камерасынан түсірілген жазбаны көрсетуді сұрады.

- Тергеу мәліметі бойынша, біз ординаторлық бөлмеден бесеуміз 2019 жылдың 29 қыркүйегінде сағат 13:25-те алдын ала сөз байласу арқылы Тұрымбетованың баласын медициналық көмек көрсетпей, қасақана өлтіру туралы шешім қабылдаппыз. Сіз бұған не айтасыз? - деп сұрады Нысанбаев.

Туғанбаев:

- Мен бұл эпизодта нақты не болғанын білмеймін, бірақ Тұрымбетова туралы босану тарихы жазылған журнал арқылы оның босанғанын білдім, бірақ тірі нәресте туралы және оны тоңазытқышқа тірідей салғанын жемқорлыққа қарсы қызметкерлердің жауап алу және оны видеоға түсірген кезде айтқан сөздерінен білдім.

Ермағамбетов:

- Бұл кезде Тұрымбетованың жаңа туған нәрестесі туралы әңгіме болған жоқ. Сол кешке дейін мен оның фамилиясын да білмейтінмін.

Прокурор:

- Айтыңызшы, сонда бұл бейнежазбада сіздер не туралы әңгімелестіңіздер?

Ермағамбетов:

- Есімде жоқ.


СОТ-МЕДСАРАПШЫ: «БАЛА ТІРІ ТУЫЛҒАН»

Аудиожазбалар тыңдалғаннан кейін оқиға болған жерді тексеру бейнежазбасы қаралды. Онда «антикор» қызметкерлері перинаталды орталықтың 5-қабатында Асқар Қайыржаннан 26 апталық жаңа туған нәресте мен босанған әйел туралы сұрайды. Содан кейін олар босанушы Нұржамал Тұрымбетова мен Динара Еспосынованың жаңа туған екі нәрестесінің денесі салынған тоңазытқышты ашады. Тоңазытқыштан алған кезде олардың денелерінде туған күндері және босанған әйелдердің аты-жөндері жазылған биркалар болған.

Осы жедел іс-шара кезінде кенеттен спорттық стильде киінген ашулы жас жігіт келіп, мұнда бейтаныс адамдардың не істеп жатқанын ызалана сұрай бастайды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлер оны тоқтатуға тырысып, егер ол жедел тергеу амалдарына кедергі келтіруін тоқтатпаса, оған тиісті шаралар қолданылатынын ескертеді.

Бейнежазбада Асқар Қайыржан бұл адамды танымайтынын айтады. Осы жерде прокурор бейнежазбаны тоқтата тұруды өтініп, түсініктеме берді: кейін бұл адамның сол перинаталды орталықта жұмыс істейтіні, аты-жөні Ербол АЗАМАТОВ екені, аудиожазбалардың бірінде Нысанбаев одан 5-қабатқа көтеріліп, ол жерде не болып жатқанын білуді сұрағаны белгілі болған.

Айтпақшы, Асқар Қайыржан мен оның адвокаты Айтмамбетов оқиға болған жерді тексеру кезінде түсірілген бейнежазбаны дәлел ретінде қабылдамауды өтініп, оның бірнеше рет үзілгенін және онда куәгерлердің құқықтары түсіндірілмегенін алға тартты. Бірақ судья бұл өтінішті қабылдамады.

Әрі қарай, сот сарапшысы Сержан СИДЕШЕВТІҢ перинаталды орталықтағы екі нәрестенің мәйітін егжей-тегжейлі тексерген видеосы қаралды. Онда ол Еспосынованың жаңа туған нәрестесінің қайтыс болғанына (Тұрымбетованың нәрестесінен айырмашылығы) алты сағаттан артық уақыт өткенін айтады.

Нысанбаев сот сарапшысына сұрағы бар екенін айтып, оны куәгер ретінде шақыруды өтінді.

Айнұр САПАРОВА

5 қазан 2020, 14:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.