Атырау, 26 қараша 09:32
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

​Атырау-Ақтөбе тас жолындағы жан түршігерлік апат: 9 адам қаза болды​

Толықтырылды
7 849 просмотра

[GALLERY]

Бүгін, 4 қазан күні Атырау-Ақтөбе тас жолында, шамамен Жамансор мен Мақат ауылдарының арасында жантүршігерлік көлік апаты болды. Renault Duster пен Geely көліктері соқтығысып, салдарынан екі көлік жүргізушісі мен жолаушылар – барлығы 9 адам көз жұмды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

Қаза тапқандардың аты-жөндері анықталуда, оқиға орнында жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.

Әрі қарай министр бұдан бұрын күндіз қайғылы жол-көлік оқиғасы Павлодар облысында тіркелгенін, ВАЗ-21041 көлігі мен МТЗ тракторының тіркемесі соқтығысып, жеңіл көлік жүргізушісі мен оның бүкіл төрт жолаушысы мерт болғанын атап өтті.

Тұрғымбаевтың айтуынша, қалааралық трассаларда патрульдік кезекшіліктер мен бейнекамералар жоқ болғандықтан жүргізушілер жол ередесін өрескел бұзады: жылдамдықты шамадан тыс арттырып, тыйым салынған және қауіпті аймақта алдыңғы көлікті басып озуға тырысады. Мұндай желігудің соңы көбіне қайғылы апатқа, орны толмас өкінішке ұрындырып жатады.

ІІМ статистикалық мәліметтері «тәжірибесіз» жүргізушілердің (көлік жүргізу өтілі 1 жылдан төмендер) үлесіне жол-көлік оқиғаларының тек 1,8 %-і ғана тиетінін көрсетеді. Жол апатының басым бөлігі тәжірибелі жүргізушілердің тарапынан орын алады екен. Олар қауіпті тәуекелге саналы түрде барып, өздерінің ғана емес, басқа адамдардың өміріне де үлкен қатер төндіреді. 

«АЖ»-ға белгілі болғандай, жол-көлік оқиғасы Қызылқоға ауданындағы Жамансор ауылының тұсында болған. Renault Duster Миялыдан Атырауға, ал Geely Атыраудан Сағызға бағыт алған. Бірінші көлікте доссорлық ерлі-зайыпты 15 жасар ұлымен және Қызылқоға ауданының 39 жастағы ер адамы болған. Ал «Geely» көлігіндегі бес адамның кім екені анықталуда. 

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

4 қазан 2020, 19:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.