Атырау, 24 қараша 08:29
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Теңізшевройл» наразылық білдіруде

4 795 просмотра

Соңғы кездері ҚР үкіметі мен ТШО арасынан қара мысық жүгіріп өткендей жағдай қалыптасқан. Мұнай өндіру тереңдігі жөніндегі дау-дамайлар басылмай жатып, жаңасы бой көтерді. Бұл жолы келіспеушілікке «Теңізшевройл» наразы боп отырған экспорттық-кедендік баж салығының төлемдері себеп болды.

«ТОННАСЫ 40 ДОЛЛАР БОЛҒАНЫН ҚАЛАМАЙМЫЗ!»

Экспорттық-кедендік баж салығын (ЭКБ) өнім бөлінісі туралы келісімде төлемнің осы түрі бойынша тұрақтылық қамтамасыз етілген тұлғалардан басқа, барлық экспортшылар үшін үкімет өткен жылдың шілдесінде енгізген болатын. ЭКБ енгізу туралы қаулының өзі мұнай өндіру тереңдігі жөніндегі жанжалдың нағыз қызған шағында бекітілді. Бұл жанжалдың кейіннен бос байбалам екендігі анықталды. ТШО мәлімдегендей, компания келісімнің шарттарына сәйкес мұнай өндірген, бұл шынымен де солай болған. Мұнымен мұнай және газ министрі келісуге мәжбүр болды. Есеп ЭКБ туралы мәселеде теңесті. Біздің тарапымыздың ТШО-ға осы баж салығын төлетуге мүдделі болғандығы айдан анық. Мұны премьер-министр Кәрім МӘСІМОВТІҢ өзі де жасырмады. Қаулыға қол қоймас бұрын ол «Теңізшевройлға» да бұл қаулы қатысты ма деп әлденеше рет нақтылаған еді.  

Осылайша, 2010 жылдың тамызынан бастап елден тысқары мұнай және мұнай өнімдерін шығаратын барлық мұнай өндіруші компаниялар тоннасына (баррелі үшін 6-дан сәл астам доллар) 40 доллар мөлшерінде экспорттық-кедендік баж салығын төлейді.

Осыған қатысты ТШО ресми түрде өзінің келіспейтіндігін білдіріп, экспорттық-кедендік баж салығын жоюды өтінуде. Алматыдағы баспасөз конференциясындаТШО-ның бас директоры Тим МИЛЛЕР компанияның экспорттық-кедендік баж салығын «наразылықпен» (яғни, онымен келіспей) төлегендігін мәлімдеді. Ал қазір осы баж салығын мүлдем жою туралы келіссөздер жүргізуде. Біздің сұранысымызға үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бөлімнің бас менеджерінің орынбасары Линдси КРЕЙН де «Теңізшевройлдың» экспорттық баж салығын наразылықпен төлегендігін қайталады.

«ЕШТЕҢЕ ДЕ АЙТПАЙМЫЗ!»

ТШО-ның наразылығы неге негізделіп отырғанын біле алмадық. ЭКБ бойынша осы және басқа да сұрақтарға шетелдік компания былай деп жауап берді: «ТШО өз қаржысы мен келісім-шарттары туралы егжей-тегжейлі талқыға сала алмайды. Бұл мәселелер әрі қарай да талқыға салынбайды». Дегенмен де, қайталап айтамын, қазіргі кезде «Теңізшевройл» Қазақстан үкіметімен компания үшін ЭКБ-ны жою мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргізуде.

Жоғарыда айтылып кеткендей, ЭКБ-ны өнім бөлінісі туралы келісімде ерекше ескертпелері бар компаниялардан басқа барлық экспортшылар төлеуге міндетті. Алайда ТШО бұл ерекше компанияның қатарына кірмейді, өйткені үкімет пен ТШО арасында бастапқыда концессиялық (лицензиялық) келісім жасалған. «Арлан» ҮЕҰ жетекшісі Макс БОҚАЕВТЫҢ айтуынша, өнім бөлінісі туралы келісімнің лицензиялық келісімнен айырмашылығы – бірінші жағдайда инвестор кеніштің зерттелмеген және дәлелденбеген қорларын сатып алады. Өнім бөлінісі туралы келісімге сәйкес, кеніште қорлар табылмаған жағдайда, Қазақстан өтемақы төлеуден босатылады. Екінші жағдайда зерттелген қорлар туралы әңгіме болады.

Бізге қандай келісім түрі екендігі бәрібір болса да, екі жағдайда да олардың шарттары жария болмайды және өте құпия боп қалады. Сондықтан біз белгілі бір тараптың қайсысының дұрыс, қайсысының бұрыс екендігіне төрелік ете алмаймыз.

«ҮСТЕМЕ ПАЙДАҒА САЛЫҚ ЕНГІЗУ КЕРЕК»

Мен тәуелсіз сарапшылардың пікірлерін сұрастырған едім: олар қалыптасқан жағдайға қатысты не ойлайды? «Теңізшевройл» ЭКБ төлеуі тиіс пе? Асаулық танытқаны үшін оған қандай қауіп бар (егер қауіп болса)?

Макс Боқаев:

«ТШО мен үкімет арасындағы дауды бульдогтардың кілем астындағы жекпе-жегі деп атауға болады. Бізге сырттан бақылаушы болуға тура келеді, өйткені келісімде не туралы айтылғанын біз білмейміз. Сондықтан әуелі бізге оның не туралы екенін айтсын, содан соң кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екендігін көреміз.

Мен мұнай компанияларының өкілдерімен жиі байланыста боламын. Оларға да «егер келісімнің не туралы айтылғанын жарияласа, кем дегенде, халықтың ықыласына бөленер еді» деп айтамын. Ал былайша кілем астындағы кез-келген дабыра шағыстыру деп бағаланады.

Ал егер барлық мәліметтерді жария етсе, онда айталық, «Шеврон» Қазақстанға инвестиция және жоба түрінде 100 млрд. доллар салып, ал орнына 500 млрд. доллар алған болуы мүмкін. Сондықтан ЭКБ бойынша менің пікірім – компаниялар серіктестіктен кетпейді. Оның үстіне, келісімді қайта қарайтын кез келді. Сонау 93-жылдары «Шевронның» достық пейіл танытып, жас мемлекетке қол ұшын бергені түсінікті. Алайда олар біздің еліміздің дамудың басқа сатысына ауысқанын шынайы қаласа, келісімдер қайта қаралуы тиіс. Иранда, мәселен, американдық компаниялар қараптан-қарап өз ұстанымдарын жоғалтып алды. Сондықтан бәрі де әділ болуы тиіс.

Қазір біз инвесторлардың Қазақстанға қанша қаржы төлегендігін білмейміз. Дегенмен өткен жылдың күзінде Дод Франктың заңы қабылданды, соған сәйкес американдық қор алаңдарында өз акцияларына баға белгілейтін барлық мұнай компаниялары шетел үкіметіне төлемдерін жария етуге міндетті. Алайда әзірге есептемелер ұсынылмаған.

Сондай-ақ, 12-ші қаңтарда біздің депутатымыз Асхат Бекенов Мәсімовке Қазақстанға үстеме пайда үшін салық енгізетін кез келді делінген сауалнама жіберген еді. Менің пікірім: ТШО-мен немесе кез келген басқа компаниямен жасалған келісім-шартта ЭКБ-дан басқа міндетті түрде үстеме пайда үшін салық енгізілуі керек. Жақында Астанада болып, Бекеновке қоғамдық бірлестіктердің көмегі ұсынылған хатты апарып бердім. Әзірге жауап келген жоқ».

«МАҢҒАЗДАНА БЕРМЕСІН»

Тоғжан ҚИЗАТОВА, «Демос» құқық қорғау қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

«Заң бойынша ТШО-ның әрекеті заңды. Дегенмен, әрине, оларға сіз жақсы, біз жақсы боп төлеген дұрыс болар еді. Иә, олар әлеуметтік инвестиция түрінде көмек көрсетеді. Алайда барлық инвестициялар құмға сіңген судай кетіп жатыр, өйткені олар тиімсіз, ойластырылмаған инвестициялар, оның үстіне олардың бір бөлігі ұрланып жатыр. Кезінде олар миллиардтар салған еді, бұл сыбайлас жемқорлықтың дамуына әкеп соқты. Жұртшылық ақшаның қандай жобаларға кетіп жатқанынан бейхабар болды, ешкім де бұл жобалардың халыққа қажеті бар ма, жоқ па, оған қызығушылық білдірмеді. 

Осының бәрін ескере отырып, ТШО ЭКБ төлеуіне болар еді. Жалпы олар үшін бұл ұсақ-түйек қана. Елімізге 93-жылдары алғаш боп жеткен екен, онда не тұр, олар өмір бойына сол маңғаз қалыптарында қалғылары келеді. Ал келісім-шартты іс жүзінде қайта қарауға болады. Қазақстан өз үлесінің 19 пайызын қолына алды. Бұл дұрыс. Егер төлегілері келмейді екен, онда мұнайды экспорттамасын, мұнай өңдеу зауытын салып, бензин шығарсын. Бізде бензин жетіспейтіндіктен, олар оны Қазақстанда сата алады ғой».

«ТАБЫСЫМЫЗҒА ӘСЕРІН ДЕ БІЛЕ АЛМАЙМЫЗ»

Наталья ВАСКЕВИЧ, «Мегаполис» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

«Әуел бастан ТШО кедендік рәсімдеу үшін 0,2 пайыз алым төлейді. Экспорттық-кедендік баж салығын енгізу қажет. Өйткені елімізде инвесторларға өте жеңіл талаптар қойылған және оларға салынған салық та өте аз. Бізді шикізат экономикасы ұстап тұр. Қазақстандағы негізі табыс көзі мұнай мен металл саласы есебінен келіп жатыр. Сондықтан инвесторларға қатысты мемлекеттік саясат анағұрлым белсенді, күшті болған сайын, соғұрлым ел үшін тиімді болады.

Ал бұл жағдайда келісімнің шарттарын білмегендіктен, біз кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін айта алмаймыз. Осы келісім-шарттардың барлығы тек үкіметтегі жекелеген шенеуніктер мен инвестициялық компаниялардың өздеріне ғана белгілі. Мәселен, Қашағандағы мерзімді ауыстырғаны үшін айыппұл санкциясын төлеу Қазақстанға жүктелді. ЭКБ туралы мәселеде де дәл солай – келісім шарттарын білмей тұрып, кейіннен оның біздің табысымызға қалай әсер ететінін де біле алмаймыз.

Жалпы үкімет тарапынан да, инвесторлар тарапынан да нақты процедураның жоқтығы проблема боп отыр. Мәселен, үкімет ЭКБ-ны бір тарапты тәртіппен енгізген, алайда мұның қаншалықты негізді екендігін түсіндірмеді. Айталық, егер бізге ЭКБ енгізіп жатырмыз, бұл ақшалар мынадай бір мақсатқа жұмсалады деп айтса екен. Бірақ олар олай істеп жатқан жоқ. Қазір әлдебір топтардың күресі, билікті қайта бөлісу жүріп жатқандай әсер қалдырады».

Соңғы дау-дамайларға қатысты батыс сарапшылары Қазақстанды инвесторлар үшін анағұрлым қауіпті аумақ, мұнай бағасының өсуімен қатар елдің тәбеті де арта бастаған, ол өзі үшін жобадан үлкен үлесті талап етеді деп есептейді. Олардың пікірінше, батыстың мұнай компаниялары ойыннан шығып қалмас үшін анағұрлым қатаң талаптарды орындауға мәжбүр болады екен.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

2 наурыз 2011, 21:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.