Атырау, 24 сәуір 11:47
 ашықВ Атырау +27
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Көршісінің итін айырмен шаншып өлтірген

3 736 просмотра
Көрнекі сурет

«AЖ»-ға қала тұрғыны Анатолий ЕРАЧИН хабарласты. Оның айтуынша, көршісі итін айырмен шаншып, айуандықпен өлтірген. Бұл кезде ит өз ауласындағы үйшігінде шынжырлаулы тұрған. Оқиға 29 қыркүйекте Дулатов көшесінің бойында (Маслопром маңында) болыпты.

- Бұл оқиға 28 қыркүйекте басталды, - дейді Анатолий. - Сол күні әйелім екеуміз үйге жақын жерде садақада болдық. Көрші әйел қоңырау шалып, итімнің 4 жасар баласын қауып алғанын айтып, айқай салды. Мен дереу үйге келіп, итті тексеріп қарадым, содан кейін бақылау камерасы бар басқа көршімнен жазбаны қарап шығуды өтіндім. Жазбадан баланың біздің аулаға, тіпті, жақындамағанын көрдім.

Анатолий баланы көршінің иті қауып алған шығар, өйткені сол иттің құлағынан, құйрығынан тартып, үстіне мініп, ойнап жүретін еді деп жорамалдайды.

- Мұны бұрын басқа көршілер де, 12-13 жастағы балаларым да көрген еді. Олардың екі иті бар, бірі қабаған овчарка. Бәлкім, баланы қауып алған сол ит шығар, - дейді Анатолий.

Осы дерек туралы полицияға көршілерінен шағым түскен. Келесі күні таңертең оған учаскелік полиция инспекторы келіп, түсініктеме алып, ескерту жасап кетіпті.

- Осы кезде көрші әйел шығып, мені де, итімді де «жоқ қылам» деп айқайға басты. Содан кейін учаскелік инспектор кетіп қалды. Ал жарты сағаттан кейін көршінің күйеуі келіп итімді өлтірем деп, қоқан-лоқы жасай бастады. Екеуміз керісіп қалдық, сосын ол үйіне кетіп қалды. Бірер минуттан кейін қайтадан аулама жүгіріп келіп, итімді балалардың көзінше айырмен шаншып тастады. Мұндайды күтпеген едім, бәрі көзді ашып-жұмғанша болды. Сосын полицияға шағымдандым, - дейді Анатолий.

Біз Анатолийдің көршілерімен хабарластық. Бірақ олар түсінік беруден бас тартты. Ал Полиция департаментіндегілер осы дерек бойынша ҚР ҚК-нің 316-бабы («Жануарларға қатыгездiк жасау») бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Сотқа дейін тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Айнұр САПАРОВА

2 қазан 2020, 15:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.