Атырау, 25 сәуір 05:47
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

«Бостандыққа шыққасын сіздерге тек қуаныш сыйлайтын боламын». Тергеу изоляторында отырғандар ата-аналарын құттықтады

3 818 просмотра

Атыраудағы тергеу изоляторында Халықаралық қарттар күні қарсаңында сотталғандар ата-анасын онлайн түрде Skype арқылы құттықтады.

- Жас баладай толқып отырмын, - дейді сотталған Серік (аты өзгертілді). – Бостандықта болсам, қарт анам мен әкеме гүл мен тортымды алып, қыздарым мен ұлдарымды жетектеп, мәре-сәре болып құттықтайтын едім. Тағдыр осылай болып қалды, бірақ, осыған да шүкір. Анамды көретініме қуаныштымын.

47 жастағы Азамат осы жылы ҚР ҚК 297-бабы (Есірткі заттарды өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша 4 жылға сотталған. Бостандықта оның үш баласы және әке-шешесі қалған.

Азамат әңгімесін аяқтап болғаны сол еді, Skype арқылы байланыс та орнатылды. Алдымен амандасып, аман-саулық сұрасып, анасы мен әкесіне тілегін айтты:

- Біздің қазынамыз – өздеріңіз. Бұйыртса, осы жерден шыққасын, сіздерге тек қуаныш сыйлайтын боламын. Сіздер беріп жіберетін сәлем-сауқатты алып, сіздермен бірге шәй ішіп отырғандай күй кешемін. Аман болыңыздар! – деді Азамат.

Әрине, оның жағдайында көңіл көтеру орынсыз болар еді, жабырқайтыны сөзсіз. Кейін бәрі өзгеретініне сенгім келеді...

- Өзіңді күт. Бізден алыс емес, қасымыздасың. Жақсылап тамағыңды ішіп жүр. Жылы киімдер беріп жіберемін, - деді анасы.

Қандай сезімдесің? – деп сұрадық кейін Азаматтан.

Мекеме әкімшілігіне рахмет! Анамды көру бұйырды. Тек қарттарымыз аман болсын! – деп Азамат сөзін аяқтады.

Skype арқылы басқа да сотталғандар осындай кездесу өткізді. Тергеу изоляторының тәрбие бөлімінің бастығы Қаламқас ӘШІРХАННЫҢ айтуынша, бұл сотталғандардың тезірек оңалып шығуына жақсы әсерін тигізеді.

- Олардың бостандыққа деген құлшынысы артып, көңілді жүреді. Сол себепті барлық мейрам сайын олардың туыстарын шақырып, мекеме аумағында кездесуді жиі өткізіп тұрамыз. Қазір карантин болған соң, кездесу виртуалды түрде өтіп жатыр.

Атырау облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі хабарлағандай,  тергеу изоляторында 150-ден астам күдікті мен 11 сотталған отыр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

1 қазан 2020, 17:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.