Түркияда карантин ережесін бұзған азаматтар бас бостандығынан айырылып, 3 ай 10 күнге сотталды. Үйінде 14 күн бойы оқшаулануы тиіс Бурса провинциясының тұрғынына медицина қызметкерлері шағым түсірген. Бұл елдегі алғашқы жағдай, деп хабарлайды 24.kz.
Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, ереже бұзған адамға сот үкімі алдағы уақытта шығады. Түркияда COVID-19 жұқтырған науқастар басқа азаматтармен байланысын жасырып, жалған ақпарат берсе сотталады.
Қылмыстық кодекстің 206-бабына сәйкес, ереже бұзғандарға қаржылай айыппұл немесе 3 айдан 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, азаматтардың бір бөлігі карантинге түспеу үшін коронавирусқа шалдыққан науқастармен байланысы туралы ақпаратты тиісті органға айтпауды жөн көреді екен.
Фахреттин Қожа, Түркия денсаулық сақтау министрі:
– Осы уақытқа дейін коронавирус науқастарымен байланыста болғандардың 98,7% анықтадық. 1,3% әртүрлі себептермен таба алмадық. Осы жағдайға қатысты түрлі сыни көзқарастар мен ескертпелер болды. Өкінішке қарай, олар 98,7% көрсеткішке емес 1,3% нәтижеге назар аударды. Жұрт күрестің жақсы тұстарын көрсе дейміз.
Елде 22 тамыз бен 26 қыркүйек арасында 1 миллионнан аса адам оқшауланған. Оның 29 мыңнан астамы карантин ережелерін бұзыпты. Ереже бұзушылар бастапқыда жатақханаларға жатқызылған еді. Қазір тәртіпке бағынбағандарды көршілері қадағалап, полицияларға хабарлап жүр.
Синан Аксел, жергілікті тұрғын:
– Студентпін. Достарымның арасында коронавирусқа шалдыққандар болды. Олар карантин талаптарын қатаң орындады. Дегенмен карантиндік ережелерді бұзғандарды көрсем, жақыным болса да, құзыретті органдарға тапсырамын.
Шейда Торыноғлұ, жергілікті тұрғын:
– Вирус барлық тұрмыс-тіршілігімізге әсер етті. Таныстарымның ішінде вирус жұқтырғандар кездескен жоқ. Сонда да әлеуметтік жауапкершілік үстем болуы тиіс. Қоғамдық жерлерде маска тақпаған азаматтарды ескертеміз. Әрине, карантинде отыруы тиіс кісілер де ережеге бағынбаса, аяудың қажеті жоқ. Полицияға тапсыру керек.
Анадолыда шілдеде науқас саны мыңнан төмендеген еді. Бірақ бірнеше аптадан бері 1500-нан асты. Соңғы тәулікте 1692 кісі вирус жұқтырып, 65 науқас көз жұмды. Алғашқы ковид дерегі тіркелген 11 наурыздан бастап елде 9 миллион 496 мың адамға сынама жасалды. Елде қауіпті індетке шалдыққандар саны – 311 мың 455. Оның 273 мыңнан астамы жазылып шықты.