Вашингтон Иранның бірқатар құрылымдары мен ресми тұлғаларына, ирандық балуан Навид Афкариді өлім жазасына кескен сульядарға да санкция салды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлайды.
Бейсенбі күні санкция аумымының ұлғайғанын АҚШ-тың Иран және Венесуэла бойынша арнайы уәкілі Эллиотт Абрамс хабарлады. Ол сенатта өткен сыртқы істер комитетінің президент Дональд Трамптың Таяу Шығыста жүргізген саясаты туралы тыңдауына қатысқан.
Ирандық балуан Навид Афкариді Иран соты қыркүйек айында өлім жазасына кескен. Ол екі жыл бұрынғы билікке қарсы акция кезінде қауіпсіздік күштерін пышақтады деп айыпталған. Іске халықаралық қауымдастық назар аударды. Трамп Тегеранды спортшының өмірін сақтауға шақырған.
Сенат тыңдауында бірқатар демократтар Трамптың Иранға қатысты саясатын сынады. Атап айтқанда, Ақ үйдің Тегеранмен 2015 жылы жасасқан халықаралық ядролық келісімінен шығуы қателік болды деген пікір айтылған. Демократ, сенатор Тим Кейн президенттің шешімі келісімге қол қойған Еуропадағы одақтастарын өзінен алыстатты деп тұжырымдады. Келісімге екінші тарап ретінде Ресей, Қытай да қол қойған.
Кейннің пайымдауынша, Иранмен келісімнен бас тарту Солтүстік Кореямен дәл соған ұқсас келісім жасауды қиындата түседі, яғни, Иран мысалын көрген Пхеньян Вашингтон "уәдесінен тайқып кетеді" деп келісім жасауға ықылас танытпауы мүмкін.
Трамп Иранмен келісім оған ядролық қару жасауға тосқауыл бола алмайды деп құжаттан 2018 жылы бас тартқан. Ізінше Вашингтон Тегеранға санкция салған. Ал Иран жауап ретінде ядролық келісімде жазылған міндеттерін азайта бастаған.
"Трамп әкімшілігі Иранға барынша қысым жасауды көздейді, соның кесірінен оның экономикасы әжептәуір әлсіреп Тегеранды келіссөз үстеліне қайта отыруға мәжбүрлейді деп санайды" деді Абрамс.
24 қыркүйекте Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен Иран сыртқы істер министрі Жавад Зариф Мәскеуде кездескен. Баспасөз жиынында Лавров Америка санкциясы Тегеранды оқшаулауды көздейді, бұл халықаралық құқыққа қайшы деп мәлімдеген. Лавров жиында Ресей Иранмен әріптестікті нығайтқаны үшін АҚШ санкция салады деп сескенбейді деді.