«Шағын және орта бизнес субъектілерін тексеру мораторийі мерзімінің өткеніне қарамастан, ерекше жарлыққа дейін қаржы полициясының органдары бұрынғы мораторий жағдайында жұмыс жасайтын болады», - деп мәлімдеді Атырау облыстық экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыспен күрес департаментінің (қаржы полициясының) ұйымдастыру-бақылау басқармасы инспекциясының бастығы Қаһарман ЖӘРДЕМОВ кәсіпкерлермен кездесу кезінде.
Бірқатар БАҚ-тарда ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің төрағасы 17-ші қаңтарда «Қаржы полициясының шағын және орта бизнесті тексеруге мерзімсіз мораторий жариялауы туралы» бұйрыққа қол қойғандығы жөнінде ақпараттар жарияланды. Бұған таяу арада Қарағандыда болған жағдай себеп болған: қаржы полициясының қызметкерлері жасырын соғылған қоңырау арқылы сауда үйлерінің біріндегі алтын бұйымдар сататын бутикті тексерген. Бұл «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» және «Жеке кәсіпкерлік туралы» заңнамаларды бұзу боп табылады.
Алайда бұйрықтың мәтінін еш жерде таба алмадық. «Нақты ресми бұйрық жоқ. Бұл хаттамалық шешім, яғни, ішкі бұйрық. Соған сәйкес, қаржы полициясы шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий мерзімінің аяқталғандығына қарамастан бұрынғы мораторий режимімен жұмыс жасауды жалғастыруда, - дейді Қ.Жәрдемов. – Агенттік пен оның аумақтық департаментінің жеке құрамына жасырын өтініштер бойынша, сондай-ақ, нақты фактілер жоқ болған жағдайда ресми тексеру жүргізуге тыйым салынған. Қазіргі кезде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеру халық денсаулығына, дәрілік препараттар мен азық-түліктердң заңсыз айналымына байланысты, сондай-ақ салық тексеру актілері бойынша жүзеге асырылады». Оның айтуынша, салық органдарының қызметкерлері қаржы полициясының қарауына заң бұзушылықтар туралы істі егер жеке кәсіпкерде 500 АЕК-тен көп, ал заңды тұлғада 2000 АЕК-тен көп сома бейнеленген жағдайда ғана жібереді екен. Егер қаржы полициясы қылмыстық құрам жоқ деп таныса, материал салық органына қайтадан жолданады. Онда айыппұлдан басқа, заң бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА