Атырау, 29 наурыз 01:22
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Түрмедегі той және орынды әзіл

Сурет Бейнежазба
4 211 просмотра

Атыраудағы тергеу изоляторында (УГ-157/1) сотталған Денис пен оның бостандықтағы сүйіктісі Ксенияның некесі қиылды. Темір тордың ар жағындағы тойды «АЖ» тілшісі көріп қайтты. Айта кету керек, бұл карантин жеңілдегеннен кейін қазақстандық пенитенциарлық мекемелерде қиылған алғашқы неке.

Тергеу изоляторының акт залында шарлар ілініп, ортаға торт пен жеміс-жидек, сусындар қойылған дастархан жайылыпты. Бәрі маска киіп алған.

Бүгін бізде шағын той,- дейді сотталғандар арасында тәрбие жұмысын ұйымдастыру бөлімінің бастығы Қаламқас ӘШІРХАН. – Әрине, бостандықтағыдай аққайнар атып, бимен тойлай алмаймыз, бірақ жас жұбайлар осы күнді естерінде мәңгі сақтау үшін бар жағдайды жасаймыз.

37 жастағы Денис бірнеше ай бұрын тергеу изоляторына түскен. Ал өткен аптада ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сот үкімімен үш жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айырылып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге үкім кесілген. Этаппен басқа өңірге жіберілмес бұрын, Денис пен Ксения некелерін қиюды жөн санаған.

Ксения екеуміз бірнеше жыл бұрын танысқанбыз, бірге тұрдық. Бірақ өкінішке орай осындай жағдай болып, бас бостандығымнан айырылдым, - дейді Денис. - Екеуміз ойлана келе некемізді қиюды жөн санадық. Өйткені баламыздың заңды әкесі болуы керек.

Иә, Ксенияның аяғы ауыр. Екі айдан соң баласын қолына алып, Денис бостандыққа шыққанға дейін баланы енесімен бірге тәрбиелемек.

Бала тәрбиесінде әкенің орыны бөлек қой. Сол себепті жұбайымның тезірек бостандыққа шыққанын күтіп, оған баламызбен барып тұрамыз. Ол әкесін біліп өсіп, кейін әке тәрбиесін алады. Оның болашақта жақсы азамат болып өсуі үшін, барымызды саламыз, - дейді Ксения.

...Неке қиятын уақыт та жетті. Неке қиюшы қызметкер Денис пен Ксенияның келісімін алып, екеуінің некесін қиды. Осыдан кейін жас жұбайлар құжатқа қол қойып, алтын жүзікпен алмасып, жігіт қалыңдықтың ернінен сүйді.

Жас жұбайларды мекеменің атынан мекеме бастығының орынбасары Айгүл ЖАЛМАҒАМБЕТОВА құттықтады:

Некені қай жерде және қалай қисаңдар да, ең бастысы – бақытты болыңдар! – деді ол. Содан соң әзілдеп:

-  Той болмады деп жабырқамаңдар, қазір карантин болғасын бостандықта да той болып жатырған жоқ, - деді.

Басқа мекеме қызметкерлері де жас жұбайларды құттықтап, екеуін оңаша қалдырды.

Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда УГ-157/1 мекемесінде 150-ден астам адам тергеліп жатыр. Ал өткен жылы осы мекемеде 10 неке қию рәсімі өткен.


Фархат ӘБІЛОВ 

Бейнежазба мен суреттерді түсірген автор

18 қыркүйек 2020, 11:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.