Коронавирусқа байланысты енгізілген карантин шектеулері Махамбет атындағы Қазақ академиялық драма театрының ұжымына оңайға соқпады. Қойылымдар онлайнға көшірілді, көптеген шаралар өтпей қалды. Толығырақ - Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры Берік ЖӘМЕНОВПЕН сұхбаттан оқыңыздар.
- Індет басталысымен театрдағы жасы 60-тан асқан қызметкерлер қашықтан жұмыс жасауға көшті. Жастар кезектесіп театрға келіп жүрді, - дейді Б.Жәменов. - Әртістер екі аптадан ұзақ қол қусырып қалса, оны қайтадан сахнаға шығару қиынға соғады. Бірқалыпты тұрып қалмай, үнемі ізденіспен жүру қажет. Әрине, халықпен жұмыс жасап үйренген әртістерге онлайн жұмыс жасау қиындық келтірді. Қанша мықты театр сыншысы келгенімен біздің бағамызды беретін көрермен. Көрерменсіз әртіс жетім.
- Карантин толық аяқталғаннан кейін коронавирусқа байланысты жүзеге аспаған жобалар қолға алына ма?
- Әрине. Мысалы, театрымыздың сахнасында балалар қойылымдарына арналған І-республикалық театрлар фестивалі жоспарланды. Карантин жағдайында қазылар алқасы үшін оны онлайн режимінде өткізуге болатын еді. Бірақ біз еліміздің үздік театрларының қойылымын тамашалау үшін фестивальді келер жылы көрерменмен өткізуді жөн көрдік.
- Қазіргі кезде театрға 50 пайызға дейін қызметкерлердің жиналуына рұқсат берді. Немен айналысып жатсыздар?
- Қазір жаңа премьераларға дайындық жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 4 жаңа спектакль ұсыну жоспарланды. Атап айтқанда, алғашқысы Иранғайыптың «Мен ішпеген у бар ма» пьесасының желісі бойынша «Жан» премьерасы дайындалды. Оның режиссері театрдың бас режиссері Мұқанғали Томанов. Одан кейін Шекспирдің «Ричард ІІІ» шығармасы (режиссері Жанат Телтаев), Әуезовтің «Айман-Шолпан» пъесасы (режиссері Гүлназ Қамысбаева) дайындалуда. Одан бөлек, жастар театры Бернард Шоудың «Антоний мен Клеопатра» шығармасын жыл соңына дейін ұсынуды көздеп отыр.
Форматына келер болсақ, мұның бәрі елдегі ахуалдың тұрақталуына байланысты. Әрине, көп ұзамай бәрі өз орнына келеді, көрермендер де залдан тамашалайтын болады деп сенгім келеді. Егер карантин ұзартылса, өз қойылымдарымызды онлайн режимінде ұсынамыз. Ал жалпы біз жаңа маусымды ашып, көрермендерді қабылдауға толықтай дайынбыз.
- «Кадрлық» проблемалар бар ма, труппа штаты жинақталған ба?
- Бұрын спектакльге ойнайтын адам таппай қиналатынбыз, қазір бұл мәселе жойылды. Мұның бәрі әртістерге қолдау көрсетудің арқасы деп ойлаймын. Бақтықожа Ізмұхамбетов облыс әкімі болып тұрған тұста 10-нан астам қызметкеріміз баспаналы болды. Біз басқа жақтан келетін жас актерларға баспананы театр есебінен жалдап тұруына жағдай жасаймыз. Қазір, мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында өнер институтын бітіруші түлектердің өзі Атырауға келуге сұранып отыр.
Соңғы жылдары Атырауда біздің театрға деген қызығушылық едәуір артып, залдың іші көрерменге толатынын атап өткен жөн. Әрине, бұл көңіл қуантады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді түсірген автор