Атырау облыстық «Бейбарыс» хоккей командасы 19 қыркүйекте ҚР чемпионатын астаналық «Nomad»» командасымен өз алаңында бастайды, екінші матч дәл сол қарсыласпен келесі күні өтеді. Бұл туралы хоккей клубының баспасөз қызметі хабарлады.
Алғашқы ойындардың көрермендерсіз өтетіні, содан кейін бәрі елдегі коронавирус жағдайына байланысты болатындығы белгілі болды.
2019-2020 жылғы маусым әлемде басталған пандемияға байланысты аяқталмай қалды. Қазақстан хоккей федерациясы жеңімпаздарды анықтамай, чемпионат аяқталды деп жариялады. Чемпионат тоқтатылған кезде финалдың ¼ кезеңі жүріп жатқан болатын, онда «Бейбарысқа» Өскеменнің «Altai Torpedoсы» қарсы тұрған еді. Командалар серияда 4 жеңіспен 5 ойынды өткізіп үлгерді, ал чемпионат тоқтаған кезде атыраулықтар серияда 2:3 есебімен жеңіліп жатты.
Маусым аралығында қазақстандық хоккей түбегейлі өзгеріске ұшырады. Қазақстан хоккей федерациясы ребрендинг өткізіп, чемпионат Pro Hokei Ligasy деген атауға ие болды. Біріншілікке қатысушылардың құрамы да өзгерді. «Humo» (Ташкент) мен «Astana» (Нұр-Сұлтан) командалары лигадан кетті, ал коронавирус жағдайына байланысты чемпионатқа Ресейдің Жоғары хоккей лигасында ойнаған қазақстандық клубтар қосылды. Олар - бұған дейін аталған «Nomad» (Нұр-Сұлтан), «Saryarka» (Қарағанды) және «Torpedo» (Өскемен), сондай-ақ бұрын Ресейдің ЖХЛ-да ойнаған астаналық «Снежные Барсы» ХК. Осылайша, Қазақстан чемпионатының жаңа маусымына 13 команда қатысады.
Егер атыраулық команда құрамы туралы айтатын болсақ, бұл жерде де үлкен өзгерістер болды. Команданың бұрынғы ойыншысы Артём Аргоков бас бапкер болып тағайындалды. Оған Сергей Бондарев пен Михаил Смольников көмектеседі.
Командада жаңа ойыншылар көп, олардың құрамы айтарлықтай жасарды. Өткен маусымда «Бейбарыста» ойнаған ойыншылардың ішінен команда капитаны Евгений Дерябин (2018-2019 жылғы маусымының «алтын» голының авторы), Илья Лоншаков, Иван Степаненко, сондай-ақ жас қақпашы Сәлім Базарбеков қалды. Сонымен қатар, әр уақытта атыраулық ұжым намысын қорғаған ойыншылар: Евгений Болякин, Александр Воробьев, Алексей Рыжих және Владимир Бакика командаға оралды. Қазіргі кезде командадағы барлық ойыншылардың не Қазақстан, не Ресей азаматтығы бар.
Мирас МҰСТАФАЕВ