Атырау, 29 наурыз 18:46
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Құлсарыда жаңадан салынған екі балабақша жабылып қалды

6 098 просмотра

Құлсары қаласындағы «Әсем-2» мен «Өркен-2» балабақшалары қыруар қаржыға салынғанымен  екі жылға жетпей жұмысын тоқтатып тастады. Енді оның қашан ашылатынын жергілікті әкімдік нақты айта алмай отыр.

Әрқайсысы 290 орындық балабақша ТШО-ның қаражатына (1 млрд 128 млн теңге) салынып, 2018 жылдың тамыз айында пайдалануға берілген. Құрылыстың тапсырысшысы облыстық құрылыс басқармасы болса, мердігері «Орлан» ЖШС-і. Сол кездегі аудан әкімі Азамат Бекет нысандарды Құлсары қаласы әкімдігінің теңгеріміне тапсырған. Алайда екі жыл өтпей жатып екі балабақшаның да бірінші қабатындағы қабырғалардың жарылғаны мен еденнің шөгуіне байланысты жұмысын тоқтатуға тура келді.

- Бұл типтік жобадағы замануи үлгідегі балабақша, 2018 жылы қыркүйектен балаларды қабылдай бастадық, - дейді «Әсем-2» балабақшасының меңгерушісі Разия ЖҰМАҒАЛИЕВА. - Бастапқыда бәрі жақсы болды, кейін бір топтың кіреберіс бөлмесінде жарылған жерлер пайда болды. Аудандық білім бөліміне жағдайды айтып, мердігер кепілдік мерзіміне сәйкес жөндеп берді. Бірақ көп уақыт өтпей, қайтадан сол жердің және басқа да бөлмелердің қабырғасы жарылып, едендері төменге шамамен 3-4 см түсіп кетті. Мердігер жаңадан еденге цемент құйып биіктеткен, бірақ ол қайта отырып кетті. Осындай жағдайда біз балаларды қабылдай алмағандықтан, балабақша уақытша жабылды. 


«Өркен-2» балабақшасында да дәл осындай жағдай. Балабақша меңгерушісі Айсұлу КАРИЕВАНЫҢ айтуынша, бүгінгі таңда қабырға жарылып, еденнің төмен түсуі салдарынан балабақша жұмысын тоқтатып отыр. Екі балабақшаның мұндай күйге түсу себебін мұнайлы сордың үстіне салынғаны ғимаратқа әсер еткен деседі мамандар. Жергілікті әкімдік жері судан құрғамайтын, әрі сайда орналасқан бұл жерді таңдауға нендей қажеттілік болды деген сұраққа ешкім жауап бере алмады.

 -Жертөлеге жиналып қалған суды насоспен әлсін-әлі далаға айдаймыз, әйтпесе ғимаратты су алып кетуі мүмкін, - дейді балабақша қызметкерлері.

«КЕЛЕР ЖЫЛЫ ҚАЙТА ЖАҢАРТАМЫЗ»

- Жобалау-сметалық құжаттарды әзірлеу кезінде кемшілік кеткен, бірақ ол мәселені шешуге болады. Балабақша жұмыстары уақытша тоқтатылғаннан кейін «Техэксперт» ЖШС екі ғимаратқа техникалық зерттеу сараптамасын жүргізді. Қорытындысы бойынша «қанағаттанарлық» деп бағаланды, - дейді Құлсары қаласының әкімі Ернар ЫСМАҒҰЛ. Бүгінде балабақшаны қайтадан қалпына келтіру үшін демеушілік көмек арқылы жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр. Келер жылдың бірінші жартысында жөндеу жұмыстары жүреді.

- Балабақша балалалары мен қызметкерлердің жағдайы қалай шешілуде? 

- Пандемияға байланысты құрылған кезекші топ балалары басқа балабақшаға орналастырылуда. Ал қызметкерлерде форс мажорлық жағдайға байланысты еңбекақының 50 пайызы сақталады. Егер құрылыс жұмыстары жүргізілсе, қызметкерлер басқа балабақшаға уақытша жұмысқа орналастырылады. Ешкім далада қалмайды.    


Ләззат ҚАРАЖАНОВА  

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

11 қыркүйек 2020, 17:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.