Чехияда бейсенбі күннен бастап тұрғындар қоғамдық орындарда маска тағуға міндетті. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде вирус жұқтырғандар күрт көбейген. 9 қыркүйекте елде бір күнде 1164 жаңа науқас анықталғаны хабарланды. Оған дейін бұл көрсеткіш 500-700 аралығында болған еді.
Науқастардың жалпы саны 29 877 адамға жеткен. 20 164 адам жазылған. 441 адам қайтыс болған.
Бұған дейін үкімет 1 қыркүйектен бастап тұрғындарды қоғамдық көліктерде маска тағып жүруге міндеттеген еді. Осы аптада барлық түнгі клубтар мен барлар жабылды. Карантин шаралары кемінде тағы он күнге созылмақ. Эпидемиологиялық ахуал оңала қоймаған елдерден келген азаматтар Чехияға кіру үшін коронавирус жұқпағаны туралы тест нәтижесін көрсетуі тиіс немесе келген соң карантинде болуы керек. Үкімет бұған дейін көрші Польша, Словакия, Австрия және Германиямен шекарасын ашқан еді.