Атырау, 6 мамыр 09:58
 ашықВ Атырау +20
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Атырауда кәріздік-тазарту қондырғысы биыл іске қосылмайды

2 776 просмотра

8 қыркүйекте ҚР Экология министрі Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ Атырауға келді. АМӨЗ-де өткен кездесу кезінде зауыт басшылығы оған механикалық тазалау ғимараттарын қайта жаңарту 2021 жылы аяқталатынын хабарлады. Қалған жұмыстар 2023 жылға дейін жүзеге асырылады.

Журналистердің бұл шараға шақырылмағанын, тек баспасөз хабарламасын ұсынумен шектелгенін айта кеткен жөн.

Кәріздік-тазарту қондырғысына (КТҚ) келетін болсақ, осы жазда Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВТЫҢ зауытқа барған сапарында нысанның негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталғаны, технологиялық жабдықтар орнатылып жатқаны және нысанның қыркүйек айында пайдалануға берілетіні хабарланған болатын. Содан кейін тамызда Мырзағалиевтың, Атырау әкімі Қайрат ОРАЗБАЕВТЫҢ және жұртшылықтың қатысуымен өткен бейнеконференция барысында Оразбаев КТҚ жыл соңына дейін іске қосылатынын мәлімдеді. Енді ғимаратты іске қосу келесі жылға шегерілді.

Бұл жолы министр «аймақтағы экологиялық ахуал, атыраулықтардың өмір сүру сапасы осы құрылысқа тікелей байланысты, оны сапалы әрі уақытында жүзеге асыру қажет» деп атап өтті.

Бұдан басқа, республикалық шенеуніктер ірі балық өндірісінің өкілдерімен кездесіп, балық шаруашылығының проблемаларын талқылады.

«Қазақстанда ауланған балықтың 30%-ы осы өңірге тиесілі. 20 табиғат пайдаланушы өз қызметін екі ірі балық шаруашылығы тоғандарында - Жайық пен Қиғаш өзендерінде жүзеге асырады...

Балық өсірумен қатар, біз Атырау балықшылары үшін балық аулаудың маңыздылығын да ұмытпаймыз. Егер осы саланың дамуына серпін беретін ұсыныстар болса, біз оларды бірлесіп қарастыруға дайынбыз», - деді министр.

Кәсіпкерлер бұл салаға жеңілдіктер мен субсидиялар енгізу қажет деп санайды. Министр бұл ұсынысты қолдады.

«Бұл мәселелерді Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі секілді басқа мүдделі мемлекеттік құрылымдар қарастырып, мақұлдауы керек. Сондықтан, сіздердің тарапыңыздан тиісті өзгерістер енгізу үшін нақты есептер мен есептеулер қажет. Мен Орман және жануарлар дүниесі комитетіне осы мәселелерді сіздермен бірге қарастыруды тапсырамын, - деді М.Мырзағалиев.

Бұдан басқа, биылғы 18 тамызда үкімет балық аулау келешегіне қатысты кеңес өткізді. Нәтижесінде аудан әкімдіктеріне 1 қарашаға дейін осы саладағы аймақтық бағдарламаларды әзірлеу тапсырылды.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

9 қыркүйек 2020, 17:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.