Атырау, 25 сәуір 14:29
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Көп балалы ана - жақсы бақылаушы

2 609 просмотра

Алты баланың анасы Ләззат БЕКТҰРСЫНОВА Атырауда УГ-157/11 (әйелдер түзеу колониясы) мекемесінде бақылаушы болып қызмет етеді. Көпбалалы ананың түрмедегі қызметі туралы – «АЖ» материалында.

Біз мекемеге барған кезде үстіне қызметтік көйлегін киген келіншек күлімсіреп қарсы алды.

Менің есімім – Ләззат, шыны керек, Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментінде ең көп балалы анамын, - дейді Ләззат күліп. – Содан болар әріптестерімнің арасында сыйлымын. Босануға жақындаған кезде декреттік демалысқа шығып, балаларым ес жия бастаған кезде қайтадан жұмысыма келемін. Өйткені мен бостандықта – балаларыма, бұл жерде – сотталған азаматшаларға тезірек түзелуіне керекпін.

- Түрмеге жұмысқа қалай келдіңіз? Нәзік жандылар үшін қолайлы басқа да мамандықтар бар ғой.

- 2010 жылы осы мекемеге кезекші болып жұмысқа орналастым. Ал оған дейін Атырау облысы Полиция Департаментінде жұмыс жасадым. Сол жердегі әрістестерім Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментіне ауысуға болатындығын айтқан кезде, өзімді басқа мекемеде басқа қызметте байқап көргім келді. Түрмеде жұмыс жасау – үлкен өмірлік тәжірибе болады деп есептедім (солай болды да). Көп ұзамай құжаттарымды тапсырып, жұмысқа қабылдандым. Шыны керек алғашында сотталған азаматшалармен жұмыс істеуге жүрексіндім. Өйткені осыған дейін қылмыс жасаған әйелдермен жұмыс істесем де, темір тордың ар жағында олармен жұмыс жасаймын деп ойламадым. Кейін бірте-бірте үйренісіп кеттім. Оларға кейде психологиялық көмек беріп, әйел және ана ретінде қолдау көрсетемін.

- Жұмыста қандай қиыншылықтармен кездесесіз?

Аса қатты қиыншылық болады деп айта алмаймын. Себебі ананың жанын ана ғана түсінеді ғой.  Өзім көпбалалы ана болғандықтан, мекемеде жазасын өтеп жатқан аналармен сұхбаттасып, оларға бұл жерден босап шыққаннан соң баламен қалай қарым-қатынас жасау керектігін, қалай қайтадан олардың сеніміне кіруге болатындығы туралы айтамын. Осылайша  олардың тезірек түзеліп, бостандыққа деген құлшынысын арттырамын. Айтыңызшы, қай ана баласын көруге асықпайды?!

2001 жылы тұрмысқа шыққан Ләззат қазіргі таңда жолдасымен 6 бала тәрбиелеп отыр. Балалары аналарының қайда жұмыс жасайтынын біледі. Ал жолдасы әркез оған қолдау білдіріп отырады.

Жолдасым  Александр түсінігі мол жан. Әркез маған қолдау көрсетіп, бала тәрбиесіне бірдей көңіл бөлеміз, - дейді Ләззат. - Ол менің осы жақта, жұмысыма да керектігімді біледі. Өзім жұмыстағы көңіл-күйімді немесе шаршағанымды үйде көрсетпеуге тырысамын. Өйткені жұмыс уақытым аяқталып, арнайы киімді шешкен кезде, бәрі мекемеде қалады. Үйіме келген соң, өзімді толықтай отбасыма арнаймын.


БАСШЫНЫҢ ЕСКІ ТАНЫСТАРЫ ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСТІ

- Мекемеде отырған көпбалалы аналарға қандай жағдай жасалған?

Жалпы мекемеде отырған аналар ешқандай санатқа бөлінбейді, бәріне бірдей қараймыз. Олар да балаларын сағынып, көруге асығады. Сол себепті үнемі кездесу ұйымдастырып тұрамыз. Тіпті, кейде көрші облыстан балаларының анасын көруге келетін ақшалары болмай, жолақысын төлеп берген кездеріміз де болды. Коронавирус кезінде қалалар карантинге жабылған кезде, тек қана аналарды ғана емес, барлық сотталған азаматшаларды «Skype» арқылы отбасымен байланысқа шығарып, сөйлесуге мүмкіндік жасадық. Сол кезде аналар экранның ар жағынан балаларын көріп, экранды құшақтай жөнелгенде карантин тезірек аяқталып, балалар аналарымен аман-есен қауышсын деп тіледік.

Әңгіме барысында Ләззат «карантинге» қатысты хикаяның бірін айтып берді. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 8 жылға сотталған оралдық әйел осында келген соң, жалғыз мүгедек ұлымен хабарласа алмай қалған. Бірнеше рет оны табамын деген үмітпен жергілікті билікке жүгінген, бірақ нәтиже болмады. Колония қызметкерлері бұл туралы Атырау облысы бойынша ҚАЖД бастығының м.а. Манарбек ҒАБДУЛЛИНГЕ хабардар етті. Ол Оралдың тумасы еді. Ол өзінің сол жақтағы бұрынғы таныстарына жүгініп, әйелдің ұлының Оралдағы қарттар мен мүгедектер үйінде екенін тауып берген. Осыдан кейін анасы ұлымен Skype арқылы байланысқа шыққан.

Енді мекеме қызметкерлері ұлын анасымен бетпе-бет кездестіруге жұмыстанады. Карантиннен кейін, әрине.

...Ләззат материалдық жағдайына да риза:

- Отбасылық бюджетіміз балаларымызды бағып-қағуға жетіп жатыр. Көп балалы ана ретінде де, құқыққорғау органдарының қызметкері ретінде де мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктерге иемін. Енді зейнеткерлерікке де аз қалды ғой.

Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментінің баспасөз-қызметінің мәліметінше, УГ-157/11 мекемесінде 100-ден астам әйел жазасын өтеп жатыр. Олардың көпшілігі алаяқтық және ұрлық жасағаны үшін сотталған.

Фархат ӘБІЛОВ

Суретті түсірген автор

10 қыркүйек 2020, 12:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.