Франция билігі 1 қыркүйекте оқушылардың мектепке оралуына рұқсат берген, алайда 4 қыркүйекте білім министрі коронавирустың тарауына байланысты 22 мектепті қайта жабатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
AFP агенттігінің жазуынша, жабылған он мектеп – Францияның құрлық бөлігінде, 12-сі Реюньон аралында орналасқан.
Білім министрі Жан-Мишель Бланкер Europe 1 радиосына берген сұхбатында қалай болған күнде де балалардың мектепке оралғанына қуанатынын жеткізген. Дәрігерлер күн сайын білім беру мекемелеріндегі коронавирус ахуалын тексеріп, сол жерде нақты шешім қабылдайды. Егер бір мектепте үш адамнан вирус табылса, білім орны жабылады.
Оның сөзіне қарағанда жабылған 22 мектептегі жағдай білім беру мекемесінен тыс факторлармен байланысты яғни, ондағы адамдарға коронавирус жазда жұққан болуы мүмкін.
Францияда шамамен 60 мың мектеп бар. Бейсенбі күні елде 7 157 адамнан коронавирус табылды. Билік қатаң карантин шарасын қолданбас үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтты.