Атырауда тұрғындар өздерінің зейнетақы шоттарының көшірмесін алу үшін зейнетақы қоры кеңсесінің жанында кезекке тұрды. Бұл енді зейнетақы жинақтарын баспана сатып алуға, емделуге және т.б. үшін ішінара пайдалануға болады деген Президенттің халыққа жолдауындағы тармақтардың біріне қатысты реакция еді.
- Президенттің жолдауынан кейін адамдар жеке зейнетақы шотынан көшірме алу үшін ағыла бастады. Біздің қызметкерлер жедел жұмыс істейді. Бірақ біз санитариялық нормаларды сақтап, ғимаратқа келушілердің шектеулі санын кіргізіп, кеңсені желдетуіміз керек, т.б. Осыған байланысты кеңсе жанында кезек пайда болады. Айта кету керек, 90% қызметті онлайн режимінде көрсетеміз, зейнетақы шоттарынан көшірме дайындау – осы қызметтердің қатарында. Зейнетақы келісімшартын рәсімдеу кезінде клиенттерге осы ақпаратты алу тәсіліне таңдау беріледі, көп адам көшірмені электрондық пошта арқылы алуды жөн көреді. Біреулер бұл ақпаратты біздің сайттан, біреулер электронды үкімет сайтынан алады. Яғни, көп тәсілі бар. Бірақ адамдардың менталитеті сондай, олар осы анықтаманы қағаз түрінде алғысы келеді, содан кейін әрі қарай қанша ақша ала алатынын осы анықтамаға қарап есептейді, - дейді «БЖЗҚ» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВ.
Сонымен бірге, ол қазақстандықтарға зейнетақы шоттарынан ақшаның бір бөлігін алуға рұқсат беретін ресми құжат әлі жоқ екенін баса айтты. Президент үкімет пен Ұлттық банкке нормативтік-құқықтық актілерді қабылдап, дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Бәлкім, бұл үшін зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға, еңбек заңнамасына және т.б. өзгерістер енгізу керек шығар.
Атырау мұнайшылар өлкесі, демек зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға құқылы адамдар көп болуы керек деген түсінік қалыптасқан. Алайда, мамандар олардың арасында біздің облыста жұмыс істесе де, еліміздің басқа өңірлерінде тұратын және сол жақта тіркелген адамдардың көп екенін ұмытпауға кеңес береді. Сондықтан, мұнай өндірісінде жұмыс істейтін жұмысшылардың саны бұл жағдайда көрсеткіш емес.
Атырау облысында 645 мың адам тұрады, экономикалық белсенді - 332 мың, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар - 37 мыңнан астам, жұмыссыздар - 16 мыңнан астам. Зейнетақы қорының мәліметі бойынша, 412 мың облыс тұрғынында 741 миллиард теңге жиналған зейнетақы шоты бар. 382 мың жұмыскерге міндетті зейнетақы шоты ашылды, олардың ішінде 723 миллиард теңге бар. 1108 адамның ерікті зейнетақы шоты бар, олар қарттық кезеңі үшін 45 миллион теңге жинаған. Ал зиянды өндірісте жұмыс істейтін 25 мың қызметкерге (соның ішінде, далалықта жұмыс істейтін мұнайшыларға) жұмыс берушілер міндетті кәсіби жарналар да төлейді, қазір бұл сома 18 млрд теңге.
Зульфия ИСКАЛИЕВА