Жергілікті бюджет спорттың әр түрі бойынша облыстағы кәсіпқой командаларға қанша қаржы бөледі? «AЖ» бұл саладағы осы жылғы мемлекеттік сатып алу порталын зерделеп шыққан еді. Бөлінетін сома қомақты екен.
ФУТБОЛ
2019 жылғы Премьер-лигадағы чемпионат қорытындысы бойынша «Атырау» ФК өз тарихында алғаш рет Бірінші Лигаға түсті. Сол кезде оның бюджеті шамамен 2 млрд теңге болса, биыл анағұрлым аз - 672 млн теңге бөлінді. Бұл Бірінші Лигаға түсуіне байланысты. Осы ақшаға қызмет көрсетуші команданың республикалық жарыстарға дайындығы мен қатысуын қамтамасыз етуге міндетті. Бұлар - Бірінші-лигадағы чемпионат және ҚР Кубогы. Мұнда командада кем дегенде 18 кәсіби футболшы болуы керек, оның ішінде легионер 3-еуден аспауы тиіс. Осы жылдың қаңтарында «Атырау» ФК басшысы Қонысбай ШПАНОВ «АЖ» сұрақтарына жауап бере отырып, келесі маусымда команданы Премьер-лигаға қайтарамын деп уәде берді. Бірақ әзірге коронавирусқа байланысты бірінші лигадағы чемпионат пен кубок белгісіз мерзімге шегерілді, дегенмен жоғарғы дивизиондағы ойындар жалғасты.
Биылғы маусымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті «Дене шынықтыру және спорт басқармасы» мен «Атырау» кәсіпқой спорт клубы» қоғамдық қорының лауазымды тұлғаларына қатысты «Аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөгде мүлікті иемдену» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Әңгіме ҚР чемпионатына және Кубогына қатысу үшін футбол командасын дайындауға бөлінген 160 миллион теңге бюджет қаражатын жымқыру туралы болып отыр.
ФУТЗАЛ
Өткен жылы Атырауда осы атаумен кәсіпқой футзал клубын құру идеясы туындап, биыл бюджетте оны 336 млн теңгеге қаржыландыру қарастырылған. Қызмет көрсетуші - «Атырау» футзал командасы» ЖШС команданың ҚР чемпионатына және Кубогына дайындығы мен қатысуын қамтамасыз етуі тиіс. Онда кем дегенде 16 ойыншы (13 алаң ойыншысы және 3 қақпашы) болуы керек.
«Атырау» футзал командасы чемпионатты жақсы бастады, бірақ наурызда коронавирус салдарынан чемпионат тоқтатылып, қорытынды орындар сол кездегі ахуал бойынша берілді. Осылайша, «Атырау» 8 команда арасында 5 орынға ие болды.
ХОККЕЙ
«Бейбарыс-Атырау» облыстық хоккей клубының еншісіне биыл 385 млн теңге тиді. Бұл ақшаға клуб 2020-2021 жылдардағы маусымда команданы хоккейден ел чемпионатына дайындап, қатысуын, сондай-ақ мәнерлеп сырғанаудан балалар мен жасөспірімдер командасының республикалық турнирлерге қатысуын қамтамасыз етуі тиіс.
Алдыңғы 2019-2020 жылғы маусымға келер болсақ, тұрақты чемпионаттан кейінгі плей-офф 5 наурызда басталды, бірақ ширек финал кезеңінде коронавирусқа байланысты тоқтатылды. Чемпионат жеңімпазсыз аяқталды. Ал жаңа 2020-2021 жылғы маусымды 19 қыркүйекте бастау жоспарланған.
Облыстық хоккей клубы – ең атақты клуб, ол төрт рет ел чемпионы атанды (2011, 2012, 2016 және 2019 жылдары).
ВОЛЕЙБОЛ
Республикалық және халықаралық жарыстарға қатысу үшін «Атырау» облыстық волейбол клубы» ЖШС-не бюджеттен 571 млн теңге бөлінді. ҚР Ұлттық лигасының соңғы чемпионатында команда күміс алқа жеңіп алды.
БАСКЕТБОЛ
«Атырау барыстары» баскетбол клубына биыл облыстық бюджеттен 585 млн теңге бөлінді. Клуб 2003 жылы құрылды, содан бері ол екі рет ел чемпионы болды (2011, 2016 ж.ж.). Көбінесе күміс жүлдегер болатын, осы маусымда да солай болды (чемпионат коронавирусқа байланысты тоқтатылды, орындар сол кезде жиналған ұпай бойынша берілді).
ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІ, ТЕННИС, ЖҮЗУ
Спортшыларды түрлі жарыстарға дайындау және қатысуын қамтамасыз ету үшін «Ұлттық спорт түрлері» ЖШС-не шамамен 200 миллион теңге бөлінді. 2020 жылы спортшылардың көкпар, бәйге (аламан, топ, ұшқыр, құнан, тай), жорға, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, құсбегі бойынша турнирлерге қатысуы қамтамасыз етілуі тиіс.
Республикалық «Теннис федерациясы» ҚБ жергілікті филиалына 132 млн теңге, "Атырау" спорттың су түрлері бойынша клубы» ЖШС-не 126 млн теңге, «Мүгедектер спорт клубы» КМҚК-не 204 млн, «Жоғары спорт шеберлігі мектебі» КМҚК-на 201 млн теңге, бокс бойынша облыстық кәсіпқой спорт клубына 160 млн теңге бөлінді.
Естеріңізге салсақ, биыл карантин шектеулеріне байланысты спорттық турнирлердің көпшілігі тоқтатылып, кейінге қалдырылды.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА