Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Алексей Навальныйдың жағдайына байланысты іс қозғауға әзірге негіз жоқ, себебі оны әзірге немен уландырғаны белгісіз деп мәлімдеді. Оппозициялық саясаткерді емдеп жатқан Берлиндегі "Шарите" ауруханасы бір күн бұрын Навальныйдың ағзасынан улы заттар табылғанын хабарлаған болатын. Аурухананың мәлімдемесіне байланысты түсініктеме берген Песков 25 тамызда "оған қастандықты Ресей билігі ұйымдастыруы мүмкін" деген айыптауларды жоққа шығарып, "бос әңгіме" деп атады, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
"Неміс әріптестеріміздің қандай мәліметке сүйеніп "уланды" деп отырғанын түсінбеймін. Біздің дәрігерлер мұндай болжамды әу бастан-ақ айтқан, бірақ химиялық зат анықталмады" деді Песков 25 тамыз күнгі брифинг кезінде.
Песков оппозиционердің комаға түсуіне ықпал еткен зат анықталған жағдайда зерттеуге негіз пайда болады деді. Оның пікірінше, неміс дәрігерлері Омбы дәрігерлерінен асып түсетіндей жаңа нәрсе айтпаған.
"Барлық дәрігерлердің сараптамасы бір, бірақ қорытындысы әртүрлі" деді ол.
- 24 тамызда Навальныйды емдеп жатқан Берлиндегі “Шарите” ауруханасы саясаткердің ағзасынан ингибитор холинэстераз тобына жататын улы заттар табылғанын хабарлаған болатын. Бұл топқа әскери мақсатта қолданылатын ресейлік “Новичок” уы да кіреді, одан көп адамдар зардап шеккен.
Дүйсенбі күні кешке Омбы облысының бас токсикологы Александр Сабаев Навальный ағзасынан ингибитор холинэстераз табылмағанын айтқан еді. Оның сөзіне қарағанда Навальныйдан бұл топқа кіретін заттан уланғанын дәлелдейтін клиникалық белгілер байқалмаған.
24 тамыз күнгі мәлімет бойынша, Алексей Навальныйдың жағдайы ауыр. Саясаткер әлі есін жимады. Оның өміріне қауіп жоқ, бірақ дәрігерлердің айтуынша, у ұзақ уақыт әсер етуі мүмкін. Жақтастары оның улануына байланысты қастандық жасау бабы бойынша қылмыстық іс қозғауды талап етіп отыр.