Халықаралық ғарыш станциясынан оттектің сыртқа ағып кетуі тіркелді, деп хабарлайды 24.kz. Оқиғаға байланысты мұндағы космонавттар станцияның Ресейге тиесілі бөлігіне өтіп, люкті (есікті) жауып алды.
Ғарышкер Иван Вагнердің әлеуметтік желіде хабарлауынша, қазір экипаждың жағдайы жақсы. Ғарыш станциясындағы адамдар ауасыз қалмау үшін оттегі өндіру жүйесін бұрынғыдан неғұрлым көбірек ауа бөлетін режимге көшірген.
Сонымен қатар адам тыныстағанда бөлінетін көмірқышқыл газын жұтып алатын патрондар орнатқан. Экипаж өзімен бірге жеткілікті мөлшерде тамақ пен тазалық құралдарын алған.
Еске сала кетсек, NASA ғарыш станциясынан ауаның сыртқа кетуі қауіпсіз, дегенмен, оның кетіп жатқан саңылауын анықтау керектігін мәлімдеген еді.