Ресейдегі жемқорлықпен күрес қорының жетекшісі, оппозициялық саясаткер Алексей Навальный ессіз күйде Омбыдағы ауруханалардың біріне жеткізілгенін қордың баспасөз хатшысы Кира Ярмыш хабарлады, дейді Азаттық радиосы.
Оның сөзіне қарағанда бейсенбі күні таңертең Томскіден Мәскеуге қарай ұшқан Навальныйдың жағдайы ұшақта нашарлаған. Осыған байланысты ұшақ шұғыл түрде Омбыға қонған, сол жерде оппозициялық саясаткерге жедел жәрдем көлігі шақыртылған.
Навальныйдың жанында болған Ярмыштың айтуынша, дәрігерлер оның улануы мүмкін екенін айтқан. Ярмыштың сөзіне қарағанда Навальный таңертеңнен бері шәйден басқа ешнәрсе ішпеген, сондықтан егер қастандық жасалса, оның "шәйіне бірнәрсе қосып берген болуы мүмкін".
Baza басылымының хабарлауынша, қазір саясаткер токсикологиялық реанимация бөлімінде жатыр. Әлі есін жимаған. Дәрігерлер оны жасанды тыныс алу аппаратына қосқан. Дәрігерлер оның неден уланғанын әзірге нақты айта алмай отыр.