Атырау, 28 сәуір 10:51
 ашықВ Атырау +25
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Жаңа депо жұмысқа жарамай тұр

3 235 просмотра

Өткен жылдың қазан айында Атыраудағы Самал ықшамауданында 1 миллиард теңгеге салынған өрт сөндіру депосы ашылды. Содан бері 10 ай өтті, бірақ депо әлі жұмыс істемей тұр. Осыған байланысты құқық қорғау органдары тексеру жұмыстарын бастады.

ОЛ ЖЕРДЕ БЕКЕТ ТЕ, ПӘТЕРЛЕР ДЕ БАР

Атырау облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа заманауи өрт сөндіру депосында төрт аймақ бар: негізгі, өндірістік, тұрғын-үй және жаттығу-спорт аймағы. Қызметкерлерге барлық жағдай жасалған: демалыс және психологиялық тынығу бөлмелері, жаттығу залы, асүй, душ кабиналары, кең кабинеттер, мәжіліс залы, 30 адамға арналған сынып бөлмесі, 40 адамға арналған жатақхана бар.

Өндіріс аймағы бақылау-өткізу пунктінен, көлік тұрағынан, екі резервуары бар жанармай құю станциясынан тұрады. Жаттығу-спорт аймағында жаттығу мұнарасы бар алаң, 100 метрлік кедергілер алаңы, баскетбол алаңы және мини-футбол алаңы бар. Бұдан басқа, депода қызметтік пәтерлер де салынған.

ҚАЛАЙ-СОЛАЙ САЛҒАН БА?

Сол кездегі облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өткен салтанатты шарадан бері бір жылға жуық уақыт өтті, бірақ осынау керемет құрылым пайдаланылмай тұр. Прокуратура бұған қызығушылық танытты.

- Тексеру барысында анықталғандай, 1 млрд теңге бюджет қаражатына салынған өрт депосын тапсырыс беруші - облыстық құрылыс басқармасын өткен жылдың тамызында қабылдаған, - деп хабарлайды Атырау облысы прокуратурасының баспасөз қызметі. - Алайда құрылыс жұмыстары жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес жүргізілмеген, қажетті жабдықтар толық жеткізілмеген және жылу, су, электр желілерінің жекелеген бөліктері жарамсыз болған.

Осы кемшіліктерге байланысты Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті объектіні балансына алудан бас тартқан. Сондықтан өрт сөндіру депосы бүгінде пайдаланылмай тұр. Жинақталған құжаттар тергеу үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданды.

КЕМ ДЕГЕНДЕ ЖЕТЕУ БОЛАДЫ

Қолданыстағы нормативтерге сәйкес, бір өрт сөндіру депосының қызмет көрсету радиусы - 3 км. Бірақ мұнайлы астанада бұл радиус бірнеше мәрте асып кеткен. Өйткені 161 қызметкер жұмыс істейтін бар болғаны үш өрт сөндіру бөлімшесі бар, ал кем дегенде жеті бөлімше болу керек. Айтпақшы, Атырау облысы өртке қарсы қызмет гарнизоны жеке құрамның штаттық саны бойынша елімізде соңғы орында тұр.

Фархат ӘБІЛОВ

19 тамыз 2020, 17:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.